Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің символы

11.06.2021ж

«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді»,-деп атап өткен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңды 2007 жылы 4 маусымда қабылдады.

Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым - мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтіледі. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі.
Мемлекеттік рәміздер белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылады. Мұндай бейнелер үйлесімімен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін – өзі түйсінуі көрініс береді.
Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан да мемлекет адамдарға мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Мемлекеттік рәмізді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдеріміздің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады.
Мемлекеттік рәміздер көне замандардағы ру-тайпаны қорғаушы болып есептелетін тотемдік аң-құстың бейнелерінен, рудың, әулеттің мал-мүлкіне салынған ен-таңбаларынан шыққан. Мыңдаған соғыс майданында жаудан өз сарбаздарын ажырату үшін айырым белгілерін пайдаланды.
Қазақ халқында әрбір рудың жасағы өз руының таңбасы салынған байрақ ұстап, хан туының астына жиналатын болған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оның Мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Ағымдағы жылдың 28 мамыры мен 4 маусым аралығында, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Алматы облысы бойынша Департаментінің «Қорғас» шекаралық бақылау басқармасында, қойылған тапсырмалар мен жоспарға сәйкес, Қазақстан рәміздер күнін мерекелеуге байланысты бірнеше іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда:
- Панфилов ауданы кітапханасының меңгерушілерімен бірлесіп «Көтерілген туым бар, көтеретін ерім бар» атты тақырыптық сағат өткізілді;
- «Ерліктің нышаны – ерліктің белгісі» атты әскери қызметкерлер арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылып өткізілді;
- Басқарманың бөлімшелері арасында волейболдан спорттық жарыстар өткізілді. Жарыстың нәтижесінде, І-ші орынды «Алтынкөл» (теміржолдық) шекаралық бақылау бөлімі бастығының міндеттерін уақытша атқарушысы, майор Азамат Сулейманов иеленсе, ІІ-ші орынды ШАХЫО «Қорғас» шекаралық бақылау бөлімі бастығы, майор Жәдігер Бижанов, ІІІ-ші орынды «Нұр Жолы» (жүктік) шекаралық бақылау бөлімі бастығы, майор Нұрман Арысбаев қанжығалады. Көрсетілген командалар басқарма бастығының құқығымен мадақтау қағаздармен марапатталды;
- Басқарманың жеке құрамына «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образы» тақырыбында деректі фильм көрсетілді;
- «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» тақырыбында саптық алаңында митинг өткізілді.
Л.Сакибаева, «Қорғас» ШББ офицері, майор.

Күнтізбе

« Тамыз 2022 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2737025