Татулығы жарасқан шаңырақ

30.04.2021ж

Ауданымызға қарасты Ынтымақ ауылында бірнеше ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың басым көпшілігін ұйғырлар мен қазақтар құрайды. Оларды біріктіруші – халықтар достығы. Бұл тұрғыда бірлігі мен берекесі жарасқан, ынтымақ пен татулықта өмір сүріп жатқан Ынтымақтағы халықтар достығының айшықты үлгісін тілге тиек етсек орынды.

      Әрбір елді мекенде өзі туылып өскен жерінің даңқын көтеріп, қай кезеңде болмасын ешқандай кедергілерге қарамастан ерінбей еңбек еткен еңбек адамдары аз емес. Ынтымақ ауылында берекелі еңбек етіп, жерлестерінің достығы мен бірлігі үшін тер төккен, елін, жерін шексіз сүйіп, болашаққа үміт пен нық сеніммен қараған ата-бабаларымыз өмір сүрді. Бүгінде олардың ізбасарлары саналатын мұрагерлері де жоқ емес. Атап айтар болсақ, осы ауылда туып-өскен Кеңес Омаров атамыз да осындай әділ істің арқасында жерлестерінің құрметіне бөленген жанның бірі.
Ынтымақ ауылының жері құнарлы, сол себепті де ауыл тұрғындары өте еңбекқор болуларымен қатар, мұндағы қазақ, ұйғыр халықтары тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Ауыл халқында ешқандай тілдік кедергі жоқ әрі ұйғырлар мен қазақтар достықта өмір сүріп, бірге жұмыс істеп, дос, тамыр, туыс болып араласады. Ал дәл осы достық пен бірлікті, татулықты үнемі насихаттап жүретін Кеңес ата екі халықтың да атасы саналады. Кеңес Омаров – қазақ халқының перзенті. Бірақ, Ынтымақтық ұйғырлар да, қазақтар да оны «Біздің Кеңес» деп атап, оны екі ұлттың да өкілі ретінде санайды. Ол ұйғыр тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, екі ұлттың бір-біріне ең жақын екенін және Ұлы Отан соғысы болған жылдары бір тоқаш нан мен құртты тең бөліп жеген ұйғыр мен қазақтың достығы берік болғандығын үнемі әспеттеп, дәріптеп жүреді.
      Кеңес ата әрі оның ата-анасы осы ауылдың тумалары. Қанапия ата мен Бопасжан ананың ең кенже баласы. Әкесі Қанапия ата өз заманының сауатты адамдарының бірі болғандықтан, ауылдағы колхоз жұмыстарына алғашқылардың бірі болып жұмыла атсалысып, өмірінің соңына дейін осында еңбек етті. Қанапия атаның Ават колхоз төрағасының орынбасары болғандығы жерлестерінің әлі күнге дейін есінде.
      Екі ұлттың ортақ атасы саналған Кеңес ата бүгінде балалары мен немере-шөберелеріне достық пен татулық, ынтымақ туралы үнемі ақыл кеңесін беріп отырады. Қазақ пен ұйғырды бөліп жармайды. Бірлігіміз берік, келісіміміз келісті болсын деген ізгі тілегін де үнемі есінен шығарған емес.
А.ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.

Күнтізбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4168135