Ата заңым-ар-ожданым

2023-08-25


Қазақстан Республикасының қазіргі қолданысымызда жүрген Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданғаны бәрімізге аян.


    Қазақ халқының тағылымды тарихына алтын әріптермен жазылған Касым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысы, ұлы Абай атамыз бас болып дайындаған Қарамола ережесі атты заңдарымызда елдің қауіпсіздігін, жеріміздің тұтастығын сақтаудың, ел ішінде дау-жанжалдарды реттеудің құқықтық тетіктері өзіндік ұлттық салт-дәстүрімізге сай қарастырылған болатын. Елді сыртқы жау мен ішкі даудан қорғаудың нағыз әлемге үлгі боларлық  далалық демократиялық құқықтық негіздері халқымыз жаралғалы негізі қаланғандығын мақтаныш етуімізге әбден болады.
    Одан кейінгі Қазақстан тарихында 1926 жылы-Қазақ АКСР Конституциясы, 1937 жылы-Қазақ КСР Конституциясы, 1993 жылы-Қазақстан республикасының Конституциясы, және өзгерістермен һәм толықтырулармен 2022 жылы жаңа мазмұнмен жаңғыртылған Ата Заңымыз қабылданды. Конституция-бұл мемлекеттік және қоғамдық қатынастарды, адам мен азаматтың міндеттерін, бостандығы, негізгі құқығы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметі мен ұйымдастыру принциптерін реттеуші және бекітуші, барлық заң салаларының заңдық негізі болып табылатын, жоғары құқықтық күшке ие мемлекет пен қоғамның негізгі һәм басты заңы болып табылады.
    Әлемдегі 197 мемлекеттердің барлығында дерлік Конституция басты заң болып есептеледі. Тек бірнеше елдер ғана шариғат заңдары мен Конституцияны  алмастыратын өз заңдарын  басшылыққа алады.
    Конституциямыз жалпыадамзаттық құндылықтарды шынайы  дәріптеген әлемдегі ең үздік 50 Конституцияның бірі болып табылатындығы мемлекет құраушы, ел мен жердің иесі һәм киесі текті қазақ халқы үшін зор мақтаныш!
    Конститциямыздың алғашқы бабындағы «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп атап көрсетілуінің өзі тәуелсіз мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығына айқын дәлел деуімізге әбден болады.
    Конституция күні мемлекеттік мереке болып табылады. Әрбір Қазақстан азаматы басты заңымызға үлкен құрметпен қарауы, оның қағидаларын мүлтіксіз орындауы керек. Ата заңымызды отбасынан, балабақшадан, мектеп, оқу орындары һәм меншік түріне қарамастан барлық шаруашылық жүргізуші субъектілерде және барлық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттауымыз керек деп есептеймін.
    Алтын заңымыз мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға, оның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға алдағы уақытта да қызмет ете береді.
    Қазақстанның әрбір азаматы Конституциямызда белгіленген тәуелсіз елдің мемлекеттік тілінде сөйлей білуі, Ұлы Далада мемлекет құраушы қазақ халқының әлемге үлгі боларлық салт-дәстүріне құрметпен қарауы тиіс. Әлемнің барлық өркениетті, дамыған мемлекеттерінде және өзіміздің бұрынғы Кеңес Одағының шапанының астынан шыққан тәуелсіз мемлекеттерде де мемлекет құраушы халықтың тілі мемлекеттік тіл болып саналады және сол елдің тілінде сөйлей біледі. Оған сол тәуелсіз мемлекттерде өмір сүріп жатқан өзге ешбір ұлт диаспорасының өкілдері дау туғызып жатқан жоқ.Ұлтымызға, салт-дәстүріміз бен  тілімізге деген құрмет пен жанашырлықтың ерекше үлгісін көрсетіп жүрген түрік елінің азаматы Оғыз Доған бауырымыздан, азербайжан диаспорасының өкілі Асылы Осман апамыздан, журналист, орыс ұлтының өкілі А. Гаврина қарындасымыздан өзге ұлт диаспорасының өкілдері үлгі алулары керек деп есептеймін.  
    Қазақстан атты ортақ Отанымыздың гүлденіп, жан-жақты дами отырып өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін барлық қазақстандықтар отаншылдық  рухта һәм  бірлік пен татулықта ерен еңбек етіп ел мен жерді ел патриоттары ретінде ортақ Отанымызды сүйе білулері керек.
    Ұлттық тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болып табылатын Алтын заңымыз елдің жарқын болашағына қызмет етеді деп нық сеніммен айта аламыз!
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
«Қазақстанның Заңгерлер және Журналистер Одақтарының мүшесі», «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ заңгері.

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4156614