Оралмаған оғлан

15.11.2021ж

– Тоқтаңдар, келісімге келейік!

– Келісім болмайды! – деп кесіп айтты Селюк.

 

– Демек соғыс қой? – деп сұрады артында Хакимнің мұздай қаруланған 200 жауынгері тұрған «Қара Араб».

– Соғыс! – деді лейтенант.

Содырлармен ең алдымен қатардағы жауынгер Большаков пен сержант Ахметов бетпе-бет кездесті.

Олар аға лейтенант Федоров пен Неждановтың тобында Джуманың бандылары жасырынып жатқанын сезбей, жақын маңдағы төбелерге қарай ұмтылды. (Селюк пен Дмитришен басқарған екінші топ дәл жолдың бойында қалды).  

Кең кеуделі, ірі тұлғалы Большаков бірден қолма-қол ұрысқа кіріскен бойы қарсыласының есін жинауға мүмкіндік бермей, содырдың қолындағы КП-ін жұлып алды, ол қорқып қаша жөнелді.

Шымыр әрі епті Ахметов бір содырды дәл көздеп, атып құлатты.

Биіктік алынды. 

Көп ұзамай, төбеге Федоровтың тобындағы қалған жауынгерлер де көтерілді. Джуманың бандылары шегінді.

Осы кезде содырлар мінген көліктің бірі (кейіннен белгілі болғандай, мұнда Хаким болған екен) көпірден өте салып, жылдамдығын арттырған күйі көзден таса болды. Артынан ілескен екіншісі де өткелге қарай кетті.

– Олжабаев, ат! – деп Федоров гранатометшіге бұйырды.

«Алексеевка» шекара комендатурасының өкілі, лақап аты «Көңілді» көздеп тұрып, шүріппені басты.

Мүлт кетті.

Қайта көздеген жауынгер бұл жолы нысанға дәл тигізді. Екінші граната жаудың «ЗИЛ» автокөлігін отқа орады. 

Бұл кезде төменде кіші сержант Батырқанов жолдың бетондалған қоршауының артында содырларға қарата оқ жаудырып жатқан болатын.

Кенеттен ол моджахедтердің бір тобы біздің шекарашылар бекінген төбені айналып өтіп, тыл жағынан кіруге тырысып жатқанын байқап қалды.

Енді соларға қарата оқ жаудыр­ған Раджан бірден бес содырды жер жастандырды.

Олардың біреуі гранатасын лақтырып үлгермеді, сақинасы алынған күйі содырдың қолында қалды. 

Ашуға булыққан содырлар бұрылып, қарудың барлық түрінен Раджан жақты атқылауға кірісті.

***

Қайсар жігіт Раджанның туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай аймағы. Алтай секілді тым тәкаппар, асқақ таулы өңірде туған жас жігіттің де болмысы ерек, көзқарасы бөлек еді. Бұл оның жігерін қайрап, жауына жай оғындай атылды. Мінезінен де, салған суреттерінен де (ол кішкентай кезінен сурет салуға құмар болды) тазалық пен асқақтықты байқайсыз.

Ал Алтайды ерекше сүйген ер жігіттің бойында ар-ұят, намыс, борыштың болмауы мүмкін емес...

Ол ауылдағы барлық баламен дос болды, төбелеске құмар емес болатын, алайда өзін ешкімге басындырмады. Жерлестері Раджанның мектептегі кезі, бозбала кезіндегісі, жалпы адами болмысы, арман-­мақсаты туралы естеліктерімен бөлісті. Көп оқитын. Осыны білетін үлкен ағалары Раджанды іздеп, еш жерден таба алмаса, міндетті түрде ауылдағы кітапханаға баратын. Раджан сол кездің өзінде-ақ ауыл кітапханасындағы классиктердің шығармаларын түгел оқып тауысты. Кітаптың қызығына берілгені сонша, күнұзақ кітапханадан шықпайтын.

Отанға қызмет ету – ауылда туған жас жігіттің асыл арманы еді. Ол өзін осы міндетке шындап дайындады: жүгірді, бокспен айналысты, волейбол ойнағанды жақсы көрді. Гаражда жатқан гір тастары, гантельдер мен штангілерді шаң баспайтын. Ең бастысы, Раджан мектепте жақсы оқыды және білімге деген құштарлығы ерекше болды.

Мектепте оқып жүргенде-ақ ол офицер шекарашы болуға бекінген. Уақыты келіп, барлық емтиханнан сүрінбей өтіп, шекара училищесіне оқуға түсуге дайындалды. Алайда маңдайына жазылғаны шығар, училище курсанты болу бақыты бұйыр­ған жоқ. Аяқ астынан ара шағып алып, аллергиясы қозып, Алматыға жету мұң болды. Аурудың беті қайтқанда кешігіп қалған еді. Раджан, сөйтіп, ауылына оралды.

1993 жылдың көктемінде жас жігіт мерзімді әскери қызметке алынды. Оны Күршім шекара отрядына жібереді. Арада жыл өткенде әскери бөлімде Тәжікстанға жіберілетін кезекті командаға сарбаздарды іріктеу басталды. Еріктілердің бірі болып Раджан да жазылды. Әрине оған бас тартуға болар еді, өйткені, мерзімді қызметінің аяқталуына небәрі жарты жыл қалған болатын.

Әйтсе де, Ауғанстан батырлары туралы әңгімелер, әскери романтика өз дегенін жасады. Бұған қоса, туған Отанымыз да сын сағатта өзінің патриот ұлдарына мұқтаж болды. Демек ол өзін осы жолы қалайда «ыстық нүктеге» баруға міндетті деп санады.

Ашық, көңілді, қазақ даласындай кең он тоғыз жасар Раджан Памир тауларына тек Тәжікстанның бауырлас халқын ғана емес, өз елін де қорғау үшін баратынына сенді. Сосын да ол соғыстың өрті біздің туған жеріміздің аумағына кірмеуі үшін қолынан келгенін жасауға дайын болды. Ал содырлардың жоспары ешкімге құпия емес еді. Міне, сосын да тағдыршешті шайқаста ол өз халқының нағыз ұлы ретінде күшін де, өмірін де аямады. Ақтық демі қалғанша жаумен арпалысқан  Раджан өзінің әскери бөлімінің атына кір келтірген жоқ. 

Батырқановтың шегінуіне сөйтіп сенімді жерді қалқалауына, өзенді, атыс аймағынан тыс аумаққа түсуіне мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол мұның бірін де істеген жоқ. Содырлардың негізгі соққысын өзіне алған кіші сержант аяғынан жараланды.

Көп қан жоғалтып, есінен танған ол қатардағы жауынгер ­Жапаровтың жараланған қаруласын қорғағанын көрген жоқ. Раджан қатардағы жауынгер Қадырбаевтың отты нүктеге алғашқылардың бірі болып көтерілгенін, сол жерден жаудың пулеметінен содырларды қалай атқылағанын да көрген жоқ. Раджанға оның батыл әрекеттерінің арқасында ұрыстың аяқталғанын көру жазбады. Ол шайқастан кейінгі тыныштықты да естімеді.

Раджан ауыр жарақатынан есін жимаған қалпы қаза тапты. 

Жан алып, жан беріскен шайқаста достары Раджанның көздері мәңгілікке жұмылғанын байқаған жоқ. Тек Памир тауларынан алыста, қазақ ауылындағы анасының жүрегі аяқ астынан шым ете қалған...

«Анашым, өзіңді уайымға салып қойғаным үшін кешір», – деп Раджан тәжік-ауған шекарасындағы қызметінен қолы қалт еткенде өзінің ең жақын адамымен ойша сырласатын. Сосын: «Мен жақында ораламын, анашым. Аз қалды», – деп қосып қоятын.

Өкініштісі, анасымен қауышу Раджанның маңдайына жазылмапты... 

***

... Бандыларды тас-талқан еткен ұрыс та аяқталды: 32 содыр өліп, 9 жүк көлігінің жетеуі жойылды, төртеуі із-түзсіз жоғалып, 1-еуі тұтқынға алынды, елу шақтысы жараланды.

***

Памир тауларындағы қайғылы оқиғаға 30 жылға жетеғабыл уақыт болды. Сөзсіз, уақытқа бұйрық жүрмейді. Бірақ кіші сержант Раджан Батырқановтың ерлігі жадымызда мәңгілік сақталады. Ол білім алған ауылдағы мектептің Жауынгерлік даңқ мұражайында батыр шекарашының мүйісі бар. Оның есімі Катонқарағайдың көшесіне берілген. Раджан Батырқановтың есімін еншілеген шекара бөлімшесінде де жасыл күнқағарлы шекарашы болуды мәртебе санайтын сарбаздар қызмет атқарады.

Раджан қарулас жолдастарының, мектептес достары, туғандары мен жақындарының жүректерінен мәңгі орын алды. Олар әлі күнге дейін Раджанды сағынышпен еске алады. Олардың есінде Раджан жас, ержүрек күйінде сақталып қалды.  

***

Қазақстан Республикасы ­Прези­­­денті­нің Жарлығымен ТМД-ға мүше мемлекеттердің сыртқы шека­расын қорғау кезінде ерлік көрсеткені үшін кіші сержант ­Раджан Батырқанов қаза тапқаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Марапат Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауылындағы клубта батырдың анасына табыс етілді.

Қалың жұртшылықтың алдында ұлының орденін қолына ұстаған ­Қизат апайдың жүрегі толқып, жанары жасқа толып еді... Қолдары дірілдеп, үнсіз егілді... Сүйікті ұлы қапияда қаза тапса, жүрегі езілмей қайтсін?! Көкірегі арманға толы, арда ұлының бұл жалғанда жоқ екендігіне сенгісі келмейді.

Иә, өкініштің қинайтыны, жүректі қан жылататыны бар...

Күнтізбе

« Шілде 2022 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2635207