Әкімшілік аумақтық құрылымды жетілдіру – заман талабы

2023-03-10


Былтырғы дүрбелеңді қаңтар оқиғасынан кейін қоғамдық өмірдегі түйіткілді мәселердің шешу жолдарын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған үндеулерінде,  үкімет отырыстарында сөйлеген сөздерінде алдағы жүргізілетін реформаларда қаралатынын және олардың ел өмірінде алатын маңызы туралы кеңінен қозғаған болатын. Қазақстан азаматтарының құқығын заң аясында сақтай отырып олардың ертеңгі күнгі болашағына жарқын жол ашатын, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге ықпал ететін, бірнеше бағыттарды атап өткен еді.

 

Қазақ жерінің ол шеті мен бұл шеті ұланғайыр дала десек те, оны біз бос жатқан жер деп бөтен ешкімге бере алмаймыз, бермейміз де. Өйткені, қасиетті осы жерді бабаларымыз кейінгі ұрпағы біздер үшін деп жанын сала қорғады. Үздіксіз шапқыншылық, үлкен империялардың қысымы, елімізге қарсы жүргізілген зобалаң, нәубет кезінде  тұрғылықты қазақтардың санының  азаюына әкелсе де рухымызды түсіре алған жоқ. Ол жылдар тарихымызға ауыр жара салуымен есте қалды. Осы мәселелердің бәрін ой елегінен өткізе келе жаңа қоғамдық-экономикалық  өзгерістердің қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын байқаймыз.

Қоғам өзгерістерге толы. Сайлау өткізу жүйесі реформаланып, Президент сайлауы өтті. Келесі Президенттің өкілеттілік мерзімі бір мерзіммен шектелді. Тағы да басқа өзгерістер белгілі бір жүйемен жүргізіліп жатыр. Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде әкімшілік-аумақтық құрылымына енгізілген өзгерістердің маңызы зор. Кезінде экономикамыздың әлсіреп, қаржылық жағдайдың төмендеуіне байланысты аудандар, облыстар біріктірілген-ді. Мұның қиындығын аудан облыс орталығынан алыс шеткергі аудандардың халқы тартты. Қарым-қатынастың ауырлығы, аудан аралығымен облыс орталықтарының тым шалғайлығы, автожолдардың тозығы жетіп, байланыс желілерінің жоғалуы, тағы да басқа кедергілердің шешімін таппауы  халықтың заңды наразылығын туғызды. Қоғамдағы туындаған пікірді ескере келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» деген халыққа Үндеуінде осы мәселенің түйінін шешіп берді. Әлеуметтік-экономиканы дамытудың тиімді жолдары жаңа облыстар құру, сол арқылы халыққа жеңілдік беретін көптеген сауалдардың жауабын берді. Құрылған жаңа облыстармен облыс орталықтары жаңаша экономикалық даму жолына түсетіні есепке алынды. Жаңа құрылған облыстар бюджеттен өздеріне бөлінген қаржының нақты салалар бойынша игерілуін қадағалау жолы жүзеге асады. Жергілікті пайдалы қазбаларды, шикізатты өндіру, өңдеу орындарын іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып  жұмыссыздықты  азайтуға септігін тигізеді.     Халықтың барып-келуін жеңілдету мақсатында, аралық жол салу, оны жөндеу, құрылыс жұмыстарын жүргізу т.б.дұрыс жолға қойылады. Осы арқылы тұрғылықты халыққа қатысты жұмыстар тез, әрі өз уақытында және сапалы шешіледі. Ойластыра жүргізілген жұмыстардың барлығы жақсы жолға қойылып, осыған тиісті қызметкерлер  жауапкершілікпен қараған жағдайда, осы аймақтардағы елдің патриоттық рухы көтеріліп, ол өз барысында демографияның өсуіне ықпал етері сөзсіз. Қазіргі күндері әділетті ел болуымызға қажетті жаңа реформалар біртіндеп жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар,  жастарға сеніммен қарап отырған мемлекет басшысының бағдарламалары мемлекетіміздің гүлденуіне себепші болады деген сеніммен қарасақ болады. Оның бір көрінісі жастардың жас шамасын 14-35 аралығы деп өзгерткені. Бұл – жастарымыздың әлі де көптеген бағдарламаларға қатысып, өз мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашу дегенді білдіреді.  Алдағы уақытта бәсекеге қабілетті, мықты мемлекетті көреміз. 

 Молот СОЛТАНАЕВ,

Панфилов аудандық «Жаркент айнасы»

газетінің меншікті тілшісі.

Күнтізбе

« Маусым 2023 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

booked.net

  • Материалды қарау саны : 3440388