Халықтан қолдау табады

06.09.2019ж

Президент Қасым-Жормарт Тоқаевтың алғашқы халыққа Жолдауы өзекті мәселелерді көтерді. Президент жолдауы жарияланғаннан кейін аудандық Аналар кеңесінде талқыланып, талдау жұмыстары жүргізілді.

    Жолдауда көтерілген тың тақырыптар шешімі табылмай жүрген өзекті мәселелердің шешімін көрсетумен құнды деп айтар едім. Әсіресе, ұлттық мүддеге, Қазақстанның жаңа даму сатысына көтерілуге негізделген тапсырмалардың барлығы дерлік елім дейтін әрбір азаматтың басты мақсаты болуы тиіс деп есептеймін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басу үшін Елбасы саясатын жалғастыра отырып, жүйелі реформалар жүзеге асатындығын атап өтті.
     Президенттің «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады»,-деген идеясы ұнады. Себебі, мемлекетте сол мемлекетті мекен еткен халықтың ой-пікірімен санасып, мұң-мұқтажы ескерілсе ғана бірлігі бекем, халқының әл-ауқаты жоғары ел бола аламыз. Сонымен қатар, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі екендігі де айтылғаны көңілге қуаныш ұялатты. Шағын және орта бизнеске қолдау болса, азаматтарымызға көп көмек болар еді.
Сондай-ақ Президенттің білім саласына қатысты қойған талаптары мен міндеттері де қуантты. Еліміздегі білім беру жүйесі жақсы жолға қойылып, білім сапасы артса еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болары анық. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында. Сол себепті жастарымыздың жалынды, білімді, рухани бай болуы басты талап.
     Жеріміздің шетелге сатылмайтындығы Президент Жолдауында айтылған ең басты және өзекті мәселенің бірі болды. Бабаларымыздың қасық қаны қалғанша қорғаған жеріміздің әр тасы мен топырағын сақтауға Президент жанашыр болса, алаңдауға негіз жоқ деп санаймын.
Сара Темірбаева,
Аудандық Аналар
кеңесінің төрайымы.