«Жастар жылы» – біз үшін үлкен мәртебе!

09.11.2018 жыл

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылғы Жолдауында еліміздің тірегі – жастар мәселесіне ерекше мән бергендігімен аса маңызды деп есептеймін.

     Иә, кез-келген қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі даусыз. Президент Жолдауында жоғары оқу орындарында мамандық алып шыққан жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, елімізге қызмет ету мәселесі қоғамның даму тенденциясын анықтайтын негізгі фактор екендігіне айрықша мағына берілді.   Болашақ - жастардікі, ұлт ертеңі - өскелең ұрпақ десек артық айтқандық емес. Сондықтан жастарға артар сенім де, жауапкершілік те үлкен болатыны түсінікті. Мағжан Жұмабаев сенім артып, "Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" деген болатын. Біз, бүгінгінің жас буыны сол сенім үдесінен шығуға, айналысқан саламыздың нағыз шебері болуға ұмтылуымыз керек.              

    Нұрсұлтан Әбішұлының жыл сайынғы Жолдауларында, басқа да ірі бастамаларында жастар тақырыбы ешқашан ұмыт қалып көрген емес. Президент ел ертеңі - жастар жайлы осы жолғы Жолдауында да - «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деген еді. Елімізде жастарға барынша қолдау көрсетіліп отыр. Сөз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде. Атап айтар болсақ, жастарға берілетін білімнің сапасы, тәрбиенің дұрыс болуы, оларды қолжетімді баспанамен, жатақханалармен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту — барлығы да айтылып, іске асырылып келе жатыр.

    Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасына» сай, жастардың жоғары оқу орындарында оқуы үшін қосымша 20 мың грант бөлінгендігі барлығына аян. Міне, осы бастаманың арқасында қазір қосымша 20 мың жас тегін білім алып жатыр. Осындай жастардың оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасып кетуі де назардан тыс қалған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында осы жәйтқа айрықша тоқталып, үлкен мән берді: «Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді» деді. Бұл дегеніңіз, енді жоғары оқу орнының табыстылығы оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы мен және жалақысы жоғары жұмысқа орналасуымен бағаланатын болды деген сөз. Енді осының нәтижесінде оқу орындары түлектердің қолына дипломын ұстатып жіберіп қана қоймай, жас мамандардың одан арғы өміріне ықпал ететін болады. Түлектердің жұмысқа орналасуына мүдделі болуына септігін тигізеді.    Елбасының жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу, білім сапасын арттыру мақсатында қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату сынды тапсырмалары біз үшін, жастар үшін қолға алынып отырған мақсат-міндеттер деп білемін. Жастар өмірінде, жалпы біздің қоғамдағы тағы бір үлкен мәселенің бірі - баспана жайы. Мемлекет бұл мәселеде де жастарды қолдаусыз қалдырған емес. Елімізде "Дипломмен ауылға" деген секілді игілікті жобалар аясында жас мамандардың, әсіресе, отбасын құрып, шаңырақ көтерген жастардың баспаналы болуына материалдық көмек көрсетілуде. Оқу орнын енді бітіріп, оң солын әлі танып үлгермеген мамандардың аяғына тік тұрып кетуіне мұндай мемлекеттік бағдарламалардың көмегі ұшан-теңіз. Жалпы, Қазақстанда соңғы уақытта жастарды баспанамен қамтуға бағытталған тағы да басқа бағдарламалар, жобалар қолға алынады деген сенім мол. Өйткені, Елбасының өзі біздерге, жастарға айрықша сенім артып отыр.

       Мемлекет қайраткерлері, депутаттар да жастар біздің Ұлтымыздың ертеңі деп төбесіне көтеріп жүреді. Бұл енді, әрине, аға буын алдындағы жауапкершілік жүгін ауырлата түседі. Түрлі бағыттағы осындай қолдаулардың қарымын қайтару керек. Үлкендер артқан сенім үдесінен шығу керек.   

      Осы жолғы Жолдауда жастар мәселесінен бөлек еліміз үшін өзекті тағы бірқатар жәйттар талқыланды. Дені сау ұрпақ, сапалы  ұлт. Халықтың, азаматтардың қауіпсіздігі кез-келген мемлекеттегі өткір мәселе болып саналады. Сондықтан, Жолдауда Қазақстанда өмір сүріп жатқан азаматтардың  қарапайым  өз  ауласында  спортпен   шұғылдануынан     бастап қауіпсіздігіне дейінгі сұрақтар жайы айтылған болатын. Ең ардақты мамандық - ұстаздар жайы да назардан тыс қалған жоқ. Бюджеттік қызметкерлер мен ұстаздарымызға арналған бастамалар бүгінгі қоғамға қажетті өзгерістердің бірі де бірегейі, бұл тапсырмаларды Елбасы жеке назарына алды. Бұл ретте, Елбасының «Табысыңның өскенін қаласаң, еңбекқор болуың қажет!» - деген сөзіне ерекше тоқталғым келіп отыр.  Қазір еңбекқорлықты дәріптеу аса маңызды болып тұр. Еліміздегі әрбір азамат өз кәсібін жақсы меңгерсе, өз ісінің нағыз шебері болса. Кәсібімнің арқасында ел дамуына өз үлесімді қосамын деген ұстаным болуы керек. Сонда біз алмайтын қамал қалмайтын еді деп есептеймін. Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы, ондағы көтерілген мәселелер еліміздің дамуына бастайтын тетіктер деп ойлаймын. Осы маңызды құжатта айтылған жәйттардың жүзеге асуы, Президент тапсырмаларының толық орындалуы - өркендеудің кепілі.                                 Қазіргі жаһандану дәуірінде, әлемдік бәсекелестік заманында Ұлт болып жұмылуымыз, ынтымақта болуымыз ең басты шарт. Ал осындай биік қасиеттер ең алдымен жастардың тарапынан шығуы керек. Кәсіби шеберлік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, ауызбірлік секілді Ұлтымызды ұлылыққа бастайтын асыл қасиеттің барлығы ең алдымен жас буынның бойынан табылуы тиіс. Сонда біз бәсекеге қабілетті, сапалы ұлт, мықты мемлекет боларымыз анық.      

 Алмас Құрманов,

Үлкенағаш ауылдық округі әкімі аппараты

ММ-нің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы.

Күнтізбе

« Маусым 2023 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

booked.net

  • Материалды қарау саны : 3440314