ЖАСТАР КЕҢЕСІ - жақсы істерге ұйытқы

Қарашаның 21 күні аудан әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов төрағалық еткен аталмыш отырыста ауданда атқарылған мәдени-спорттық шараларға жастардың тартылуы,    жастармен жұмыс жөнінде ресурстық орталықтың осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстары мен алда атқарылатын шаралары кеңінен талқыланып, күн тәртібіндегі мәселелер айтылды. 

                Аталмыш кеңес отырысында бірінші болып «Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің филиалы Панфилов ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Ерлан Нарынбаев сөз алып, осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстарға жасаған есебін баяндады. Атап айтқанда, аудандық жастар ресурстық орталығы бірнеше ауқымды бағыттар бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Әсіресе, қазіргі таңда жастардың кәсіби тұрғыда білім алулары, оларға патриоттық тұрғыда тәрбие беріп, рухани, мәдени білімдерін арттыру жұмыстарына баса мән берілуде. Сондай-ақ жастар құқықтарының және заңды мүдделерінің қорғалуын қашанда қамтамасыз ететіндіктерін жеткізді.

                Жастар  саясаты   туралы заңын іске асыру, мемлекеттік бағдарламалар туралы жастарға ақпарат беру, діни экстремизм мен терроризмнің  алдын алуға бағытталған кешенді шараларды іске асыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған мәдени және  спорттық шаралар,  қайырымдылық    акцияларын ұйымдастыру жұмыстары қолға алынуда. Осы мақсаттарды  жүзеге асыру барысында ағымдағы   жылдың басынан   Панфилов  ауданының  жастар ресурстық орталығы кешенді іс-шаралар мен түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Бұл туралы «Ардагерлерді  ардақтайық», «Жүректен жүрекке», «Темекі – денсаулық дұшпаны» басқа да ауқымды шаралар қолға алынып, спорттық танымдық жұмыстар жасалынып жатыр. Және алдымыздағы жылда атқарылатын жұмыс жоспары дайындалып, бірқатар ауқымды шараларды ұйымдастыру да  жоспарда бар»-деп аталмыш орталықтың  аудан  бойынша  жетекшісі Е.Нарынбаев  айтып өтті.

                Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмайылов пен АІІБ-ның орынбасары, полиция майоры Руслан Керімқұлов сөз алып, жалпы жастар мәселесі жөнінде және аудандық жастар ресурстық орталығының жұмыстары туралы ой-пікірлерін ортаға салып, кемшіл тұстарын да тілге тиек етті. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен келер жылы «Жастар жылы» болып жарияланғандықтан, жастар мәселесіне қатысты барлық жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.

                Жуырда облыс орталығында полицияға қолдау көрсету мақсатында «Жалын» студенттік жасағы құрылған болатын. Бұл жасақ құрамына ауданымыздан белсенді студент жастар енгізілді. Жастар кеңесі отырысының соңында осы жасақ құрамына кірген біршама белсенді жастарға Алматы облысы  жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жалын» студенттік жасағының мүшесі деген арнайы куәліктері мен тиісті формалары табыс етілді.

                Кеңес отырысына мекеме, бөлім басшылары, АІІБ, мәдениет, спорт саласының жетекшілері, аудандық жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

                Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Ш.Құрбанов күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер назардан тыс қалмайтындығын және кеңес отырысының шешімі бірауыздан қабылданатынын айтып, отырысты қорытындылады.

(ӨЗ ТІЛШІМІЗ).

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4129628