Бағдарламаның басым бағыттары

   Цифрлы сауаттылық бүгінгі заманның басты қажеттілігі.    Цифрлы технологиялар біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарында-ақ батыл енгізіле бастағаны белгілі. Атап айтқанда, бастапқыда мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Осыдан бастап компьютерлер барлық жерде ақпараттық құрал ретінде қолданысқа енді. Кейіннен ақпараттарды сақтау, тасымалдау жеңіл әрі жылдам болғандықтан сұраныс та  біршама артты. Ал, бүгінгі күнде цифрлы технологияның көмегінсіз атқарылатын жұмыс жоқтың қасы деуге де болады.

 

     Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы  қабылданғаннан                    бастап          барлық       салаларда                  цифрландыру жүріп жатыр. Елбасымыз да ел халқының   цифрлы  сауаттылығын арттыру мақсатында бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Осы орайда Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды деп баса мән берген болатын. Себебі, күн санап дамыған бүгінгі жаһандану заманында сандық      технологияларды,  халықтың  цифрлы сауаттылығын дамытпасақ, алдыңғы қатарлы дамыған елдер көшінен қалып, ел экономикасының құлдырайтындығы айқын. Өйткені қазіргі кезде барлық дамыған елдер сандық жүйеге көшіп, экономикасын дамытуға ден қойып отыр.

                Аталған бағдарламаға жауапты Дәурен Абаевтың сөзінше бұл бағдарлама мынадай бағыттар бойынша іске асады:

-               Экономика саласында цифрлық технологияны белсенді түрде енгізу;

-               Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру;

-               Ел бойынша жоғары жылдамдықпен жұмыс жасайтын интернет жүйесін қосу;

-               Тұрғындар мен бизнеске цифрлық дағдыларды үйрету;

-               Стартаптар мен кәсіпкерлікті қолдай отырып, инновацияны дамыту жағдайын жасау;

                Бағдарламаның көздеп отырған басты мақсаты – 2020 жылға дейін ғаламтор қолданушыларының санын 80 пайызға дейін арттырып, ел тұрғындарының 95 пайызын цифрлық хабар таратумен қамтамасыз етіп, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін жеткізу болып табылады. Мемлекеттің дамуына себепші болатын бұл ауқымды жобаның жүзеге асуына мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, ел Үкіметі цифрландыру бойынша алыс-жақын шетелдердің озық тәжірибелерін қолдана отырып жұмыс жасап, олардың алдыңғы қатарлы IT компанияларымен, бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізіп отыр.

                 Елбасымыз айтып өткен биік межелерге жету үшін ел тұрғындары сандық білімді  меңгеруі тиіс. Ал бүгінгі жас ұрпақ цифрлы технологияны жоғары деңгейде меңгеріп, жан-жақты сауатты болулары керек. 

(ӨЗ ТІЛШІМІЗ.)