Жаңа технологияға - тың серпін

Елбасы Н.Назарбаевтың судьялар  съезінде сөйлеген сөзінде азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға, сот өндірісін жаңарту және жеңілдету, заң бұзушылыққа жол бермеуіне, сот өндірісін  жүргізуде үздік инновациялық технологияларды пайдалануға, толықтай «Электронды үкімет»

жүйесі бойынша жұмыс жасауға көшу керектігіне айрықша тоқталған болатын. Бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында  да  айтылды.

     Бұл маңызды тапсырманы орындауға Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты  белсене кірісті.

    Барлық соттарда ақпараттық-анықтамалық киоскілер ашылған. Осы киоск және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты және облыстық соттардың сайттары арқылы кез келген азамат қаралатын істер тізімін, сот актілерін, соттардың сенім телефондарын, төрағалардың азаматтарды қабылдау, ашық есік күндерін көре алады, төрағаларға блог арқылы сұрақтарын қоя алады.

   Сот  саласындағы бір жаңадан енгізілген технология  бейнеконференцбайланыс жүйесі.

    Қазақстан Республикасының әр аумағының сотталушылары қаладан ауданға жеткізілетін болса, қазіргі күні осы байланыс арқылы қашықтықта сот процесін жүргізуге, сұрақтар  қоюға, жауаптар алуға  мүмкіншілік бар.

    Жаңа технологияның бірі - ол сот процесін аудио бейне жазбаға жазу. Сот мәжілісі толық және жан-жақты төрт камераға жазылады, бұл сот процесін хаттамаға толығымен түсіруге мүмкіншілік береді, сондай-ақ іс бойынша жазылған процесс бірден бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесіне тіркеледі. Және осы жүйе арқылы қысқа хаттама түзуге болады. Бұл сот мәжілісінің хатшысының жұмысын жеңілдетеді.

    Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және республика соттарының интернет-ресурстарында «Сот актілерімен танысу» және «Сот кабинеті» электрондық сервистік жүйелері енгізіліп қызмет көрсетуде. Екі сервиске Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының http://www.sud.kz  ресми сайттары арқылы пайдалануға болады.

    «Сот құжаттарымен танысу»  сервисінің тиімділігі сотта істі қарау барысы туралы процеске қатысушыларға жедел хабарлау үшін арналған. «Сот кабинеті» сервисі электронды түрде Қазақстан Республикасы сот органдарының сервистері мен қызметтеріне қолжеткізудің бірыңғай жүйесі болып саналады.

    Аталған жүйенің сервисі ЖСН немесе БСН және құпия сөз арқылы жүзеге асырылады.  Логин  мен құпия сөзді сотқа қатысушы тараптар ұялы телефонына немесе электронды поштасына келіп түскен электронды хабарлама арқылы (СМС хабарлама)  біле алады. Жолданған өтініші тіркелген соң тарап оның қозғалысы туралы талон мен электронды хабарламалар арқылы біліп отырады. Іске қатысушы өзге де тарапқа сот тыңдалымы туралы талон жолданады. Жедел ақпараттандыру мақсатында іске қатысушыларға судьяның электронды-сандық қолтаңбасы қойылған сот актілерінің шыққаны туралы смс-хабарламалар жолданады.

    Заман талабына сай технологияларды енгізу мен пайдалану сот ісін жүргізуді оңайлатып, төрешілік кедергілерді жойып, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді.

 

Маржан   Әсембекова,

 аудандық соттың жетекші маманы.