Қазақстан халқына ЦЭТТ не береді?

22.02.2019ж

Цифрлық телехабар таратуға көшу бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға болып табылады. Аналогты телехабар таратуды өшірудің халық үшін ең басты артықшылықтарының бірі, бұл – республиканың бүкіл халқына қолжетімді телеарналар санының көбеюі.

      Егер бұрын ең шалғай ауылдардың тұрғындары құлақтары бар үй антеннасының көмегімен 4-5 телеарна сигналын қабылдаған болса, енді цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу қорытындылары бойынша оларға 15 шақты телеарна қолжетімді болмақ. Бұл ретте барлық телеарналардың кескіні мен дыбысы цифрлық сапада және қандай да бір бөгет-бөгеуілдерсіз  көрсетілетінін атап өткен дұрыс.

     Цифрлық эфирлік телехабар таратуға қосылу үшін абоненттерге аз ғана тырысса жетіп жатыр, біріншіден, олар өздерінің теледидары DVB-T2 стандартын қолдай ма, жоқ па, соны тексеріп алулары керек, теледидарлары қажетті стандартты қолдайтын жағдайда оларға дециметрлік антенна сатып алып, оны теледидарға  жалғау ғана қалады. Егер теледидарлары DVB-T2 стандартын қолдамайтын болса, сапалы телевизияны рахатын көру үшін абоненттерге цифрлық сигнал қабылдағыш пен дециметрлік антенна сатып алу қажет.

     2018 жылдың қазанында аналогты хабар таратудан цифрлық хабар таратуға көшу басталды. Бұл дегеніңіз, енді Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстарының ең шалғай елді мекендеріндегі көрермендерге 15 отандық арна тегін әрі сапалы суретімен және дыбысымен қолжетімді болады деген сөз. 2019 жылдың маусымында Алматы, Павлодар және Қостанай облыстары аналогты телехабар таратудан толықтай өшіріліп, цифрлық эфирлік телехабар таратуға  көшеді.