Тарихы сырлы, ертеңі нұрлы ғажап ел!

29.10.2021ж

 Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет - Қазақстан  Республикасы пайда болды. Дәл сол күні біз өзіміздің  Тәуелсіздігіміз, ата-бабамыз армандап өткен бостандығымызды   алдық.

 

 Отаршылдық бұғауынан босағанымызға міне, аттай 30 жыл болыпты. Осынау ақ түйенің қарны жарылып, ақ биенің сүтіне шомылған күнді қастерлеуіміз керек. Азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге  айналған Тәуелсіздік - біздің ең ұлық мерекеміз.

     Біз алтын таққа отырған асқан дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кешкен елміз. Сондықтан халқымыз азаттық рухын терең сезініп, жан-жүрегімен түсіне білуге тиіс.

      Азаттық - Ұлы Даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік. Еркіндік аңсаған қазақ халқының өршіл мінезі, намысты жаныған жастар бұлқынысы желтоқсанда  жанартаудай жарқ етіп, жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды.

      Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаңғырттық. Осылайша төрткүл дүниені  ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың мәңгілік ел мұратын қайта жалғадық.

     Шыны керек, біз Тәуелсіздікті аңсап,  зарығып жеттік. Енді сол Тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек.

Серік  Жұмабаев.