Ырыс алды ынтымақ

29.10.2021ж

Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы айрықша маңыз берген мәселенің бірі елдегі ұлтаралық ынтымақ болды. Шынында да біздің осы тамырын тереңге тартып, нығая түскен достығымызды дархан пейіліміз арқасында досын да, дұшпанын да сүйсінтіп, түрі мен тілі басқа жүзден астам ұлттың арман-тілегін бір арнаға тоқайластыра білді.

Мұндай құдіреттің, әрине түп-тамырында халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасқан терең ілімі, үлкен зердесі жатыр. Адамзаттың ортақ қалауы, жер бетіндегі ізгілікпен бейбітшілікке деген махаббат.

    Шыны керек, бүгінде өзге жұртпен ынтымақты өмір сүрмек түгілі,  қаны бір, тілі бір бола тұра өзара қырқысып, екіге айырылып кеткен елдер аз емес.

    Қазаққа «Ырыс алды - ынтымақ», «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деген  қағидалар ықылым заманнан жеткен ғибраттар. Бабаларымыз  елді ел ететін алтын, күміс, мұнай темір емес, ынтымақ, бірлік екенін өз ұрпағына осылайша өсиет етіп кеткен. Өздері тірлігінде қашанда өзгенің мұңын өз мұқтажындай сезініп, панасызға қамқор бола білген. Біздің бүгінде көпұлтты мемлекет болып, елімізде ұлы достық туының желбіреп тұрғаны осынау ежелден қанымызға сіңген ынтымаққа, бірлікке деген сүйіспеншілігімізден. Бұдан біз бүгінде ұтылып отырған жоқпыз. Жерімізде өрнек жайған сан ұлттың достығы еліміздің өмірін барлық жағынан байытып, табысына табыс  қосуда.

        Бүгінде  халық арасында  болсын, билік  басында  болсын біз алдымен мемлекеттік тілді  үйренуге  үндеп  жүрген өзге халық қауымын көреміз. Соның бірі - әзірбайжан ұлтының  өкілі Асылы Османова. Қазақтың тілі үшін жүрегін суырып беруге даяр осы апамыз қай жиында болсын өзімізден бұрын қазақ тілінің мұңын жоқтайды. Апамыз сияқты жұрт алдына шықпай, әрқайсысы жүрген ортасына қазақ жұртының берекесін, ынтымағын  тілейтіндер қаншама? Өз болашағын, бақытын қазақ жерімен және оның халқымен мәңгіге табыстырған олар біздің тарихы да, тамыры да бір тағдырластырымыз. Осы бірлік  баянды  болғай.

       «Бақ берерде  елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген екен бұрынғылар. Елдігіміздің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктете беретін достығымыз жараса берсін.

Б.Бейсенқызы.

Күнтізбе

« Шілде 2022 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2631671