Елорда салған ер қазақ

18.06.2021ж

Біз Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында соқпақпен де, сүрлеумен де жүрдік, кейде даңғыл жолға да түскендей болдық, бірақ тығырыққа тіреле бердік. Осыдан отыз жыл бұрын түскен жолымыз даңғыл болды. Ол - тәуелсіздік даңғылы.

Тарих үшін отыз жыл - қас-қағымдай уақыт. Өйткені, ғасырларды құшақтап, аясына алған уақыт талай халықтың, талай империялардың тәуелсіздігін көрген.
Ең бастысы, әр Қазақстандықтың өз елі, Отаны - Қазақстанға деген отаншылдық сезімі нық болды. Ұлты мен ұлысына қарамай, әр қазақстандық осынау құт мекеннің абыройы мен беделін көтеріп, тәуелсіздікті нығайта түсуді өзінің басты парызы санады.

Ал Елбасының Елордаға деген сүйіспеншілігі ерекше, Елорданың әр адымы мен даму қарқыны, тіпті, ұсақ-түйек жұмысына дейін Президенттің назарынан тыс қалған емес. «Елорда - барша қазақстандықтардың мақтанышы әрі қуанышы. Біз Астананы мүлде жаңадан салдық. Оны көшіруге байланысты болған барлық мәселелерді жүрегімізден өткіздік. Бұл - арман еді. Енді ол-тамаша қала, Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының өзі аялы алақанына салып, жан жылуы мен жанашырлық сезіміне бөлеп өсірген бас шаһар қас-қағым сәтте қарқынды дамып, ұлтымыздың ұясына, елдігіміздің шежіресіне айналды.
Елбасы мен елорда ел назарында егіз ұғым іспеттес қалыптасты. Әрине, қатардағы қарапайым қаладан бүтін бір мемлекеттің астанасын жасап шығару - ерлікпен пара-пар.
Ел астанасын ауыстыру идеясы қиын-қыстау кезеңде дүниеге келді. Бұл ешкімнің ойына келмеген тым батыл шешім еді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: «Астананы көшіру идеясына белді біржолата бекем буа отырып, мен ортаға бәрін салатынымды, яғни, өзімнің саяси мансабымды, тіпті, мүмкін өмірімді бәйгеге тігетінімді, сөз жоқ, түсіндім. Әрине, мен өмірді қию мағынасында емес, философиялық тұрғыда, ел президенті ретінде қоғам алдындағы өзімнің өмірлік міндеттемелерімді орындау мағынасында айтып тұрмын» - деп еске алады. Мұндай тәуекелділік екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дүниежүзінде астаналар ауыстырған 140-тан астам дерек тіркелген екен. Бірақ олардың бәрі бірдей сәтті бола бермеген. Себебі, Астананы ауыстырудың машақаты көп. Ол үшін болашақ астанадан бастап, сол елдің барлық жағдайы, стратегиялық мақсат-мұраты, келешектегі даму бағдары, басқарылу тетігі, халықтың көзқарасы - бәрі-бәрі ескерілуі керек. Бұл дегеніңіз-әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да салмағы ауыр дүние. Ел басқарып отырған көптеген басшылардың оған батылы бара бермейтіні сондықтан. Мысалы, Индонезия өз астанасын ауыстырам дегелі бір ғасырдан астам уақыт өтті. Билік басындағылары әлі күнге дейін тартыншақтап келеді. Осы мәселеде Тайланд та бір шешімге келе алған жоқ. «Астананы ауыстыратын болдық» деп айдай әлемге жар салған Аргентина да үнсіз әлі. Ал қазақ елі астанасын ауыстыру туралы мемлекеттік өз астанасы болуы керек» деген Елбасы өзінің ұсынысы ұзақ толғаныстан кейін туған тұжырым екенін дәлелдеп шықты. «Астананы көшіру Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына мен сенімді болдым», - деді Президент кейін естеліктерінде.
Елдің болашақ астанасы ретінде Ақмола қаласының таңдалынып алынуы тегін емес. Ер бабамыз Едігеден бастап әз Тәуке мен айбынды Абылайға дейінгі хандарымыздың бәрі ерке Есіл бойында орда тіккендері тарихтан мәлім. Президенттің пайымдауынша, Ақмола-Қазақстанның географиялық орталығы. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Әрі Қазақстанның шетелге шығуға мейлінше төте жолы-трансеуроазия арналарына таяу орналасқан. Шаһарды әрі қарай өркендетуге де кедергілер жоқ. Стратегиялық мақсатты да ескерген Елбасы елорданы таңдау барысында қауіпсіздік мәселесі де маңызды орын алғанын айтады. Қысқасы, Ақмоладай қарапайым қала астана болуға лайық 32 өлшемнің бәріне сай болып шыққан.
Осылайша, Елбасының табандылығының арқасында Сарыарқаның төсінде адам айтса нанғысыз әлемдегі шаһар Астана бой көтерді. «Біздің ұзақ күндер мен ұйқысыз түндердегі ойларымыз бен толғаныстарымыздың кешкі қиналысымызбен таң алдындағы арман-мұратымыздың мәні, мінеки, Астана болды»,-дейді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Астана - күллі Алаш жұртының арманы һәм аманаты. Астана - бар қазақтың бақыт мекені. Еліміздің жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі де осында жазылып жатыр. «Әлемде тамаша ғимараттары мен жаңа үйлері бар қалалар көп болғанына қарамастан, мен Астананың әр ғимаратын өз жүрегіммен, өз жаныммен сезінемін. Болашақта ұрпақтарымыз халқымыздың игілігі үшін осы жерден билік жүргізуді, қазақстандықтар өз елін, өз елордасын мақтан тұтуы үшін мен Отанымыздың елордасының шаңырағын осы жерден көтердім» деген Елбасының көркі көз тартар көркем қаланы салып бергені нағыз ерлік екені сөзсіз.
Отанымыздың жүрегі Астана қай жағынан да өзгелерге өнеге болуы керек. Елорданың сән-салтанаты өз алдына, оның атына сай болуы адамдарға байланысты екенін Елбасы үнемі айтып келеді.
Елордалықтардың қарым-қатынасы, мәдениеті мен сана-сезімі, ішкі әлемі елорданың деңгейге сай болуы керек. Әрбір елордалық өзінің елорда келбеті үшін жеке жауапкершілігін сезінуге, бас қаланың тұрғыны деген атқа қай жағынан да лайық болуға тиіс. Елбасының айтуынша, Астана дегініміз-алдымен адамдар. Бас қаланың көшелері де, көліктері де, жарығы да, жарнамасы да, қызмет көрсету саласы да, мектептері мен мекемелері де, емханалары мен ауруханалары да атына заты сай болғаны абзал. Елбасы елордаға ең жақсы дәрігерлер, мұғалімдер, басқа да маман иелері шоғырлануы керектігін айтып келеді.
Елорданың шынымен де өмір сүргің келетін қала екені соңғы жылдарда енгізілген өзгерістерден-ақ анық байқауға болады. Мұнда келушілердің қатары да артқан.
Иә, армандай асқақ Елорданың алдында әлі талай міндеттер мен биік белестер тұр.
Ендеше биік мақсаттарға ұмтылған Нұр-Сұлтан қаласының абыройы асқақтай берсін! Елдігіміз ерен, елордамыз еңселі болсын, лайым!
Бағдат Айтмұқаева,
Панфилов аудандық мәслихаттың депутаты.