Қол жетті міне, аңсаған күнге

20.05.2021ж

Біз қазақ елінің берісі XV ғасырдан бері, әрісі сонау ғұндар мен сақтар дәуірінен бері жер бетінен жоғалып кетпей, жасап келе жатқан жалпақ жұрт, іргелі ел екенін терең танып, білуге мүмкіндік алған ұрпақпыз.

Бірақ «тану» бір басқа да, «таныту» бір басқа. Сондықтан да өткен жылды өзіміз «танып-білуден»-«танытуға» қарай жасаған сенімді оң қадам десе де болар еді. Біз қазақ елінің тәуелсіз мемлекет атанып, көк Туы желбіреген жұлдызды сәтін өз көзімен көру пешенесіне жазылған ұрпақпыз. Бірақ «атану» мен «болу» бір емес. Арысы - жол. Алдын ала кешіп-пішіп, мөлшерлеуге келмейтін, қуанышы да, қиыншылығы да мол, түсініктісі де, түсініксізі де көп, тарихи жол. Сондықтан да өткен отыз жылды тәуелсіздік жылдығын темірқазақ етіп, батыл алға басқан аршынды оң қадам десе де болар еді. Біз маңдайына тәуелсіз мемлекет құру, егемен ел азаматы атану және ұлы өзгерістер дәуірінде өмір сүру бұйырған ұрпақпыз.
Қазақ елінің жаңа тарихы қашаннан бастау алады? Әрине, осыдан отыз жыл бұрынғы желтоқсан айынан. Дәлірек айтқанда 1991 жылғы 16 желтоқсаннан.
Тәуелсіздік туралы заң қабылданғаннан бері биыл міне, тура отыз жыл. Көп нәрсе түседі. Көп нәрсе туралы ойланасың... Ең бастысы, сол отыз жыл сенің де тағдырыңа айналып, сенің де жүрегің мен өмірбаяның арқылы өткенін сезіну болса керек.
Жаңа тарихымыздың басы... Тәуелсіздік күні... 16 желтоқсан... Қазақ елінің ең мәртебесі ғана емес, ең қасиетті күні бұл. Оған селт етпеген жүректен Отанын сүюді талап етудің өзі артық болар, бәлкім.
Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Әбіш Кекілбаев атамызша айтқанда «Орта толды, орда болдық».
Өткеніне табан тіреп, ертеңіне қарай еркін адымдаған ел ғана озатынына тарих куә. Жасампаздықтың бір көрінісі - Жаңа астана құрылысы.
...Ордабасыға көк байрағымыз қадалды, енді қазақ ұлтына сол қасиетті екі нәрсені - Көк Туымыз бен көк шыңымызды қорғай алатын, қастерлеп ұстайтын мінез, іс-әрекет, ақыл-ой керек.
Қай халықтың да ең ұлы мұраты, ең ізгі арманы - ел болу, тәуелсіздік туын көтеріп, азат ғұмыр кешу. Қазақ елінің осынау Бақыт құсы үш ғасыр бойы өгейсіп, осыдан отыз жыл бұрын ғана қайыра оралды. Бақыт құсы өз қадірін өзі білетіндер мен өз тағдырына өзі иелік ете алатындарды ғана қалайды.
Отанымыз - туған қазақстанымыз, іргелі қазақ елінің де басынан ешқашан бақ ауып, Қыдыр кетпеуін тілейік.
Бағдат Бейсенқызы,
Панфилов аудандық
Мәслихатының депутаты.

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4149921