Білімімен биіктерге қол созған

06.05.2021ж

Өмірде мамандық атаулының сан алуан түрі кездеседі, әр мамандықтың өз ерекшелігі бар. Тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылым жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға қанат бітіретін дарын иесі ол - ұстаз. 

 

                Ұстаз — өз уақытын аямайтын, өзгенің   уақытын   аялай білетін жан. Ұстаз - әр шәкіртін туған баласындай жақсы көретін аяулы адам. Ұстаз - әр шәкіртіне бағдаршамдай бағыт беретін ақылшы жан. Ұстаз  -  әрі     ана,       әрі     әке,   әрі       әпке,      әрі    бауыр,   әрі   сырлас   бола   алатын адам. Міне, осындай «Ұстаз»  деген  ардақты атқа ие болып жүрген, білімі мен біліктілігі, нәзіктігі мен сұлулығы қатар ұштасқан Ұлдана Қуандыққызы Бегімбекова бүгінде ауданымыздың бетке ұстар мақтаныштарының бірі, өз ісін жетік білетін білікті маман.

                «Шын ұстаз - ұстаз болуды балалық шағынан армандайды» демекші, бала күнінен мамандық атаулының жаухары болып саналатын ұстаз болуды мақсат еткен Ұлдана Қуандыққызы алғаш еңбек жолын 2010 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өзі білім нәрімен сусындаған Абай атындағы орта мектебінде шет тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. Кез келген адам ұстаз бола алмайды.  Себебі ұстаздық өнер - тағылымдық өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Осы қасиеттің барлығы жас та болса білімді, үнемі ізденісте жүретін Ұлдана Қуандыққызының бойынан табылады десек, артық айтқандық болмас.

                Жалындаған жас ұстаз барша қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып, аудан, облыс көлеміндегі іс-шаралардың, тәрбиелік-танымдық маңызы зор кештердің ұйытқысы болып келеді.

                2011 жылы Абай атындағы орта мектепте педагог-ұйымдастырушы қызметіне тағайындалған Ұлдана 2015 жылдың                 1 қыркүйегінен бастап аталған білім ұйымында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

                Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын ізденімпаз ұстаздың жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтар болсақ, 2014 жылы  Астана қаласында  өткен «Дипломмен ауылға» атты Республикалық Жастар форумына облыс жастары атынан қатысып, белсенділік танытты. 2014 жылы «Дарынды балаларға - талантты ұстаз» атты Республикалық педагогикалық олимпиадасының бас жүлде иегері атанды. 2015 жылы Алматы облысы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен пікір-сайыс ойындарының жеңімпазы, 2015 жылы - «Білім шыңы», 2016 жылы «Жылдың үздік 100 мұғалімі», 2016 жылы Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы - 2016» жастар сыйлығының жеңімпазы атанып, «Үздік ұстаз» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 200 мың ақшалай сыйлығымен  марапатталды. 2016 жылы 1-Халықаралық олимпиада «Мега  - Талант» жобасының «Алғыс хат»  иегері, «Умната» блиц-олимпиадасының лауреаты, 2015, 2016, 2017 жылдары аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасы», 2017, 2018 жылдары   Алматы облыстық «Nur Otan» партия филиалының «Алғыс хаты», 2019 жылы Алматы облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Құрмет Грамотасы»,  2019 жылы  «Қазақстан Мәслихаттарына 25 жыл» төсбелгісінің иегері. 2020 жылы облыстық «Тәуелсіздік - Мәңгілік Елдің тұрағы» атты жыр мүшәйрасының жеңімпазы. 2021 жылы облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды. «Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты болады» дегендей, еңбек еткен жылдарында өзі білім нәрімен сусындатқан шәкірттері де аудандық пән олимпиадаларының,  облыстық байқаулардың жеңімпаздары.

                Ұжымына үлгі, ортасына сыйлы Ұлдана Қуандыққызы 2016 жылдан бастап аудандық мәслихат депутаты болып сайланып, аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайына аса мән беріп, өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне де өз үлесін қосып келеді. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ауданымыздағы Қоңырөлең, Көктал, Головацкий, Әулиеағаш  ауылдық округтерінде «Жүрегім толы - мейірім» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырып, түскен қаржыны сол ауылдың мүмкіндігі шектеулі жандарына табыс етті.

                2020 жылы бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан кешірді, дәл осындай ауыр күнде аудандық мәслихат депутаты ретінде бастама жасап, Көктал ауылдық ауруханасына ОТТЕГІ КОНЦЕНТРАТЫ апаратын тарту етті. Биылғы оқу жылында да игі істері жүйелі жалғасын тауып, аз қамтылған отбасы балаларын модем және ұялы телефонмен қамтамасыз етті.

                2020 жылы өткен партияішілік сайлау праймеризде ең жоғарғы 1290 дауысты жинап, аудан тұрғындарының қолдауына ие болған кандидат. 

                Биыл еліміз үшін елеулі мереке. Ел Тәуелсіздігіне 30 - жыл. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде Ұлдана Куандыққызы өзі қызмет ететін Абай атындағы орта мектепте «Тәуелсіздікке 30 жыл - 30 шырша»      бастамасын жасады. 

                Күні кеше Көктал ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Мен - Тәуелсіздік құрдасымын» атты онлайн кездесу кешінің құрметті қонағы болды.

                Ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген жаны нәзік, жігері жалынды Ұлдана Қуандыққызының алар асулары, бағындырар белестері әлі алда деп сенім  білдіреміз. Алты алаштың басы қосылса, орны төр, бағасы биік Ұлданадай ұлағатты ұстаздарымыз, жалынды жастарымыз көп болғай!

Өз   тілшіміз.

Күнтізбе

« Тамыз 2022 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2719525