Тәуелсіздік. Азаттық. Бостандық...

06.05.2021ж

Қазақ баласы үшін осы сөздерден  асқан қасиетті, қастерлі ұғым болған емес. Болмайды да. Халқымыз азаттықтықты ғасырлар бойы аңсады. Сол ұлы мақсатқа жету үшін күресіп, қан төкті. Кенесары мен Наурызбайдай бабаларымыз, Исатай мен Махамбеттей аталарымыз,  Қайрат пен Сәбира, Ербол мен Ләззат азаттық жолында жандарын  қиды.

 

                Бар жоғы 30 жыл ішінде атқарылған  жұмыстар бір ғасырда жүзеге асатын істерге бергісіз. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін   жариялап, тас бұғаудан  босап, қайта түлегенін төрткүл дүниеге танытты. Төл тарихымыздың жаңа кезеңі-жаңғыру кезеңі басталды. Ұлт басында еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы            Назарбаев тұрды.

                Отыз жыл ішінде мемлекетіміз аяғынан тік тұрып, еңсесін түзеп қана қоймай, көршілес елдерге үлгі  боларлық дәрежеге жетті. Экономикасы өркендеген, халқының  ынтымақ-бірлігі жарасқан, демократиялық жаңғыруларға  жол ашқан мемлекетке  айналды.

                Бір  кездері ата-бабамызға арман болған игіліктерге біздің тәуелсіз  қазақ елінің ұландарының қолдары  жетіп отыр. Бұрындары қазақ баласы Мәскеуде, Петерборда оқыса, таң қалатын еді.  Бүгіндері жылына 5000-ға жуық білім қуған жастар әлемнің әр  түкпіріне жол тартады.  Еуропа мен Азияның маңдайалды университеттеріне оқуға түседі. Бұл - өркендеудің, өрлеудің басты көрсеткіші екені анық.

                Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның жүрегі Арқа төсіндегі ару қала - елордамыз Нұр-Сұлтанда соғады. Сәні мен салтанаты жарасқан шаһардың орталығында-Ақорданың  төбесінде қасиетті көк байрағымыз желбірейді. Азат елдің аспанында азат  елдің  туы!

Бағдат  Бейсенқызы.