Тәуелсіздік -тәу етер жалғыз кием

30.04.2021ж

Қазақ  халқы үшін, барлық қазақстандықтар үшін ең қасиетті күн - 1991 жылдың 16 желтоқсаны. Бұл күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық Заң жарияланды. Бұл біздің құрандай қастерлейтін, басымызды  иіп,   бағалайтын асқақ заңымыз.

 

            Иә, ежелден еркіндікті аңсаған ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалғанына биыл отыз жыл толып отыр.

            Тәуелсіздік басымызға бірден қона қалмағанын, осынау азаттықпен арпалыс жолында миллиондаған адамдардың қаны төгіліп, жазықсыз жапа шеккенін атап өту керек.

            Тәуелсіздік - табанды күрес пен жанқиярлық ерліктің ұлы жемісі. Оның бүлкілдеп соққан қантамырында азаттық үшін айқасқан батырларымыз бен бабаларымыздың айбынды үні жатыр.

 

                Отыз жыл.   Бұл  ұзақ мерзім болмаса да, отыз жылда байрағымызды биіктетіп, баянды да, бақытты өмірдің тәтті дәмін татқандаймыз. Тәуелсіздік қазақ ұлтының ұлы мұраттарын оятып қана қоймай, бүгінгі жас ұрпақты қайсар кейіпке, қаһармандыққа баулыды. Дүниежүзінің дүрбелең додасында шаңға көміліп қалмай, біртұтас халық екенімізді дәлелдедік. Есеміз бен еншімізді жібергеніміз жоқ. Несібе-нанымымыздан айырылмадық. Көк туымыз көкке көтерілгеніне - отыз жыл. «Отызда орда бұзар» деген қастерлі сөз бар. Біз Қазақстан сияқты жас отауымызды жасампаздықтың жақсы қасиеттерімен көмкеріп, кешенді келешекке бет бұрып келеміз. Отыз жылда Қазақстан экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсара түсті. Ұлттық теңгеміз әлемдік қаржы дағдарысына төтеп берді. Ұлан-ғайыр жерімізді қорғау үшін қорғаныс қабілеті нығайып, ұлттың ұлы қасиеттерін айғақтайтын білімділік пен  білгірлікке кең жол ашылды.

            Бүгінгі таңда Қазақстанның тәуелсіздігін дүниежүзінің  120 елі мойындап отыр. Олардың 105-імен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған. Өткен отыз жылға көз жіберсек, тек мемлекеттік тәуелсіздік ғана қазақ елінің дамуына кепіл болатынына көз жеткіземіз. Кеңес Одағы кезінде қолдан жасалған зобалаңдардың салдарынан миллиондаған халқымыз аштықтан қырылып, зұлымдықтың зардабын бастан кешті. Бірақ, қазақ халқының қанына сіңген еркіндік пен ерлік ұғымы ұлттық тәуелсіздік үшін күреске шығудың қозғаушы күші  болды.

            Қазақстан-бейбітшілік мекені. Ол - барша қазақстандықтардың   Отаны.

Бағдат  Айтмұқаева