Бес бастама аясындағы бағдарлама туралы не білесіз?

Көктем мезгілінің алғашқы шуақты айында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев барлық жұмыс істейтін қазақстандықтарға баспана алуға мүмкіндік беретін «7-20-25» атты бағдарламасын ұсынған болатын.

     Бүгінде аталған бағдарлама өз күшіне еніп, оны жүзеге асыру мақсатындағы  бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, ұлттық банк қазір мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының аясында «7-20-25» бағдарламасын әзірлеуде және биылғы жылдың шілде айынан бастап  банктер «7-20-25» бастамасы бойынша ипотекалық несие бере бастайды.

      Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – несиенің жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан жоғарыламай, баспана алудың бастапқы жарнасы 20 пайызға дейін, ал несиені өтеу мерзімі 25 жылға дейін екендігінде болып тұр. Жалпы айтқанда «7-20-25» бағдарламасы отандастарымыздың баспаналы болуының жаңа тетігі. Бұл бағдарламаны іске асыру тұрғын үй құрылысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, сонымен қатар, баспанаға қолжетімділік үлесі ұлғая түсетіндігі анық.

      Таяуда жаңа бағдарлама бойынша ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев азаматтарға жаңа бағдарламаға қатысудың ерекшеліктерін түсіндіріп өткен болатын. Біріншіден, баспаналы болғысы келген азаматтар сатып алатын баспанасын  таңдау  керек. Бұл орайда бағдарламада үйдің шекті құны бекітілетінін ескеру керек. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында баспананың ең жоғарғы бағасы 25 миллион теңге болса, басқа өңірлерде 15 миллион теңгені құрайды. Екіншіден, бағдарламаға қатысатын азамат банкке келіп, өтініш пен қажетті құжаттарды тапсыру қажет. Үшіншіден, кредит алу үшін азаматтың табысы болуы керек. Төртіншіден, оның меншігінде баспанасы болмауы тиіс. Бұл тұрғыда Д.Ақышев «бұл талапты біз қазір қарастырып жатырмыз. Ұлттық банк осы ережелерді халыққа түсіндіріп, белсенді жұмыс істеуге бар күшін салады»,- деген болатын.

      Ендеше, мемлекетіміз ұсынған баспаналы болудың оңтайлы бағдарламасы арқылы еліміздегі кез-келген азаматтың баспаналы болуларына мүмкіндіктері жоғары.

Ақмарал  Хаметжанова.  

Күнтізбе

« Маусым 2023 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

booked.net

  • Материалды қарау саны : 3440331