Рухым, арым-желтоқсан

  Еліміздің Тәуелсіздік туын желбіретуіне негіз қалаған Желтоқсан көтерілісінің жалыны  лаулаған кезде туған бала да осы күні соқталдай жігіт болды.     Желтоқсан – Қазақ елі үшін қастерлі ай.

     Жыл он екі айдың осы мезгілінде қазақ тарихында үш орасан оқиға болған.1917 жылы  Алаш үкіметі құрылып, қазақтың өз алдына мемлекет болуына     бастама көтерілсе, 1986 жылы қазақ жастары сол кездегі Кеңес Одағы Коммунистік партиясының тоталитарлық режиміне  қарсы көтеріліске шықты.

1991 жылы қазақ елінің тәуелсіздігі жарияланып, Қазақстан   Республикасы мемлекеті құрылды.

            Қазақ халқының қатпар-қатпар тарихына үңіле берсек, талай-талай қасіретті көз алдымызға елестете аламыз. Көрнекті ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген жыр жолдары осы қилы замандардың қиындықтарын  көтеріп, бүгінгі күнге аман жеткен қазақтың өмірінен өрнектелгені айқын.

            Біздің қазақ болмысынан құшағы кең, ешкімді жатсынбайтын, алдындағы асын бөліп жеуге әзір тұратын қонақжай, қиындыққа төзімді. Осылай дегенімізбен азаттықты, еркіндікті қалайтын, жөнсіз іске көнбейтін мінезімен де ерекшеленетін қасиеті бар халықпыз. Бұл қасиеттердің бәрі әр дәуірдегі сындарлы оқиғаларда сыналып көрінді. Сондай халық басына туған оқиғаның бірегейі 1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісі деуге болады.

            Тәуелсіздіктің жаңғырығы болып соғылған Желтоқсан көтерілісі қазақ ұлты үшін шын мәнінде жаңа дәуір келе жатқанын білдіргендей болды. Сол оқиға кезінде не өзі оқып жүрген оқу орны басшыларынан, не жұмыс істеп жүрген кәсіпорын жетекшілерінен сескенбей, қаптаған милиция мен әскерилердің қару-жарағынан да қаймықпай  алаңға шыққан сол кездің жастарын ешкім де алаңға шығыңдар деп уағыздамағаны анық. Жастардың өздері бір-біріне тірек болып, қазақ елінің намысы үшін қандай қиянатқа болса да қарсы тұруға дайын болды. Өйткені жастарда дәл осы кезеңде ұлттық мүддеге, туған жерге деген ұлтжандылық сезім серпіліс бере бастады. Сол сана-сезімнің шырқау шегі осы сәтке, СОКП-ның солақай шешімі шыққан тұсқа тұспа-тұс келіп қалды. Сол кезде жігіттер «Мен қазақпын!» деп жанұшыра айғай салса, қыздарымыз ұлтым деп ұрандатып тұрды. Кешегі албырт бұл жастарды бүгінгі рухы мықты ұлт азаматтары деуге болады. Сондықтан да қоғамдағы демократияның шынайы орнығуына жол ашқан Желтоқсан көтерілісін,  оның қаһармандарын қазіргі  жастарымызға өнеге ретінде көрсете де,  айта да  білуіміз керек.

            Жуырда жаркенттік желтоқсаншылар газет редакциясында бас қосты.

            Кездесуді   «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалы төрағасы Мәулет Смағұлов  ашып, жүргізіп отырды. Мәулет Белтайұлы алғаш құрылып отырған қоғамдық бірлестіктің  жұмыс жоспарымен таныстырды.

            Мұнан соң сөз алған  желтоқсаншылар  Еркінбай  Әубәкірұлы, Тұрсын Түктібаев, Сәкен Омаров, Зейінгүл Дүзбаева, Бағдагүл Сәдуовалар 1986 жылғы сол бір ызғарлы күндерден естеліктер айтты. Кездесу соңында қоғамдық бірлестік төрағасы Мәулет Смағұлов ұйым мүшелеріне Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің куәлігін табыстады.

      Бағдат  Айтмұқаева.