Жақсы адамда жаттық жоқ

Ормандай болып ортамызды толтырып жүрген көңілі - кеніш, ақылы – дария қазыналы қарттарымыз аз ба? Құдайға тәубе дейік, қалың қатарлары сиреп қалса да – бар. Барға қанағат, жоққа жүйрік жетпейді. Сондай абыздық ақсақалдыққа бет бұрғандардың біреуі болса да, бірегейі – Нұрләби Рақымжанұлы.

 

            Соғыстан кейін дүниеге келген тұстастарымен бірге өмірдің сан тарау өткелдерінен өткен Нұрләби ағамыздың балалық шағының іздері «Социалистік жол» (қазіргі Бөрібай би) атты шағын ауылдың атырабында қалып қойды. Сауыншы атанып, есіл еңбектері елеусіз қалған ақ жаулықты аналардың көңілдерін гүлдеткен бұл жалаң аяқ балалардың сол тұстағы әдемі ой-армандары мен қырық құбылған қиялдары керемет-тін.

            Арман алдамайды екен: солардың көбісі елге танымал азаматтар болып қалыптасты, айталық, Әділшайық Ыбыраймолдаев – аудан әкімі, Қазали Сембаев – аудандық газет редакторы, Сейітқазы Бақберов – сықақшы ақын, журналист, Нұрғали Әжібеков – білікті есепші-экономист... Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Нұрғалидан өзгелері бақилық   дүниеге өткені қашан?... Бір кем дүние-ай десеңізші.

            - Балалықтың дәмін бірге татып өскен сол марқұмдарды ойыма алсам, көзіме ыстық жас моншақтары үйіріледі, соларға деген сағыныштан ба екен? – дейді бүгінде өз жасы жетпістің желкесіне шығып отырған Нұрләби аға өткенге ой көзін жіберіп. Бір сәтке үнсіз қалған абзал жанның нұрлы дидарына үңілдік. Өткен өмірдің өткелектері мен сан қызметтің бабындағы сарабдал шақтар көз алдынан тізбектеліп өткендей...

.... Көкталдағы Абай атындағы орта мектепті аяқтаған соң бірер жыл Қоңырөлең ауылындағы кітапханада меңгеруші болғаны бар.  Әскер қатарында болып азаматтық борышын өтеген соң 1964 жылы Алматыдағы сауда техникумын, 1976 жылы Қарағандыдағы Сауда институтын бітіреді. Сауда қызметіндегі еңбек жолын  1967-1977 жылдары «Октябрь» кеңшарындағы жұмысшылар кооперациясында аға экономист-жоспарлаушы болып бастады.

            1974-1980 жылдар аралығында Сарыөзектегі ауданаралық тұтынушылар базасында – директор, 1980-1983 жылдары – Панфилов ауданындағы тұтынушылар Одағының басқарма төрағасы. 1983-1989 жылдары – «Панфилов колхоз құрылысы тресінің» (УПГК) бастығы, 1990-1992 жылдары – аудандық көтерме сауда базасының директоры, 1992-2000 жылдар аралығында – аудандық дайындау кеңсесінің директоры қызметтерін абыройлы атқарды.

            Ер мерейі еңбекпен – деген емес пе, Нұрләби ағамыздың халық алдындағы қалтқысыз қызметі елеусіз қалған жоқ: аудандық және облыстық тұтынушылар қоғамын былай қойғанда «Қазпотребсоюздың»,  «Центрсоюздың» көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие. Советтік Кеңестік сауда қызметінің, «Қазпотребсоюздың» үздігі атағымен марапатталған мерейлі жан.

            Жұбайы Күлжақан Нұрахметқызы екеуі Жайық, Ермек, Алма, Алмаз сынды ұл-қыздарын тәрбиелеп, үлкен өмір жолына салды. Олардың бәрі де – жоғары білімді.

2014 жылы Ермегі 47 жасында дүниеден қайтып, отбасына орны толмас өкініш әкелгені бар. Амал не...

            Немерелері -  Айдын, Айнұр, Айбек, Айжан – бәрі де жоғары білімді, өз саласының мамандары болса, Манас пен Дияс – жоғары оқу орнының үздік студенттері, ал, Мәди мен Махамбет  мектеп қабырғасында. Дияс, Дамир сынды шөберелері сүттей ұйыған берекелі отбасының көзқуаныштары.

            Бүгінде қазыналы қария болып, соңынан ерген жастарға ағалық ақыл-кеңесін беріп жүрген Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» - Нұрләби Рақымжанұлы сексен деген жастың сеңгіріне қарай аяқ басып келеді. Көңілі – ояу, санасы – сергек. Біз де арамызда жүріп әдемі қартайып келе жатқан жақсы ағамызға бұдан былай да сергектік тілейміз.

            Құсайын   Оспанұлы.

           

ght'>Жаркент қаласы.