Жаңарудың жаңа қадамы
- Толығырақ
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған кезекті «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы жаңа дәуір қарсаңындағы соны қадамдардың бірі болғаны анық. Әрбір Жолдау қашанда қарапайым халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын түзеуді көздейді. Жолдауда ұлт болашағының жоспары, алға қойған мақсаттары көрсетілгендіктен, оны халық арасында, мекемелерде, оқу орындарында насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.
Осыған орай 3 наурыз күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Бағира Жазылбекованың ұйымдастыруымен жиын болып өтті. Жиынға әр округтегі кәсіподақ комитеті ұйымдарының төрағалары, аудандық мекеме өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Б.Нұрсадыққызы ең алдымен қатысушыларды «Алғыс айту» күнімен құттықтап, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталған бұл жолғы Жолдаудың жан-жақты саралаудан өткен, бүгінгі қысылтаяң заманға сай жазылғаны туралы айтты. Алдыңғы екі жаңғырудан қазіргі уақытқа дейінгі Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында еліміз жеткен жетістіктердің бірқатарын атап өтіп, алға қойған мақсаттарды кеңінен түсіндірді.
Еліміздің өз алдына тәуелсіз ел болғаны; 1 млн. қандастарымыздың елімізге оралуы; тұрғын үймен қамтамасыз етілу; «Балапан» бағдарламасы арқылы балабақшалардың салынғаны (ауданымызда 2014 ж. балабақшамен қамтылу -55% болса, 2016 ж. 80 % жеткен); «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асып жатқандығы; қысқы Универсиада ойындарының өткізілуі, осылардың барлығы – Қазақстанның айтулы жетістіктерінің бірі. Алда білім, денсаулық сақтау салаларын әрі қарай дамыту, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыру, роботтандыру, шетелмен серіктестікті нығайту, кәсіпкерлік, әлеуметтік саланы, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту, терроризм және діни экстремизммен, сыбайлас жемқорлықпен күресіп, қауіпсіздікті нығайту сынды нақты мақсаттар қойылған.
Б.Жазылбекова өз сөзінде: «Жолдау басымдықтарының ең маңыздысы – адами капиталды дамыту. Қай саланы айтсаңыз да осы адами капиталға тіреледі. Жолдаудағы басымдықтарды іске асыратын қоғамдағы адамның білімі мен мәдениеті»- деп, қатысушыларды еліміздің көркеюі жолында барынша үлес қосуға шақырды.
Сонымен қатар жиында ҚР Кәсіподақтар туралы Заңы, облыстық Кәсіподақ ұйымының жарғысы туралы түсіндірілді. Аудан окургтерінен келген кәсіподақ төрағаларының жоспарлары қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.
Ж. Кенжебек.