Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына орай Талдықорған театрында актрисаның ескерткіш бюсті қойылды

2023-10-02


Бүгін Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына орай Талдықорған театрында актрисаның ескерткіш бюсті қойылды. Мерейтой аясында «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесіп, 29 қыркүйектен 4 қазанға дейін 1 апта бойы «BIKEN» І Халықаралық театр фестивалі өтпек. Оған еліміздің танымал театрларымен қатар бауырлас Қырғыз, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия елдерінің театрлары да қатысуда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Мерейтойдың шымылдығы бүгін Салтанат сарайында «BIKEN» ғылыми-танымдық конференциямен ашылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Бикен апаның қызы Меруерт Құсайынова, бірқатар мәдениет қайраткерлері, өнертанушы ғалымдар қатысты.

Жиналғандар алдымен Бикен апаның өмірі мен өнер жолына арналған деректі фильмді тамашалады. Көпшілік қауым ардақты актрисаның табысты шығармашылық ғұмырының қыр-сыры, сахнада өзін шыңдау тәжірибесі, адамдық болмысы жайлы баяндап, естеліктер айтты. Басқосуда «Көктем қалпынан өзгермей қалған жан» кітабының тұсаукесері атқарылып, кітап оқырманға жол тарты.

Фестивальдің салтанатты ашылуында көпшілік алдымен Б.Римова атындағы драма театрының алдындағы Абай Құнанбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң театрдың фойесінде Бикен Римованың ескерткіші ашылды. Бюст қоладан, ал тұғыры мәрмәрден қойылған. Мүсіншілері - Бүркітбаев Айдос, Ермұханбетов Тимур. Ескерткіштің тұғырымен алғандағы биіктігі 2 метр 70 см. Оған жергілікті бюджеттен 18,5 млн. теңге жұмсалды.

Салтанат театрлар шеруімен жалғасты. Оған еліміздегі М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры,  Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Алматы қалалық мәдениет басқармасының «Жаңа ғасыр» театры, С. Сейфуллин атындағы Қарағанды драма театры, Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры, Астанадағы музыкалық жас көрермендер театры қатысты. Сонымен қатар Өзбекстандағы Хорезм облысының музыкалық-драма театры, Түркия мемлекеттік театры, Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік балалар мен жастар театры, А. Арслан атындағы Түркіменстан  драма театры, Әзербайжан мемлекеттік «Юх» театрының ұжымдары да қызыл кілем үстімен салтанатпен жүріп өтті. Осы орайда атап өтерлігі, бұл театрлардың барлығы бір жеті бойы Б.Римова атындағы драма театрында және І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өз қойылымдарын көрерменге ұсынатын болады.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Бикен Римованың мерейтойына орай жолдаған құттықтау жеделхатын оқыды. «Сіздерді Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римованың туғанына 100 жыл толуына арналған «BIKEN» І Халықаралық фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Бикен Римова төл мәдениетімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. Ол театр және кино саласында аяулы жардың, асыл ананың, ардақты әженің бейнесін шебер сомдап, ұзақ жылдар бойы көрерменнің көзайымы болды. Сахна саңлақтарының ғибратты ғұмыры туралы естелік кітаптар жазды. Өмірде де, өнерде де өзгелерге үлгі бола білді. Халқымыздың парасатты перзентінің еңбегін ұмытпай, жан-жақты насихаттау – ортақ парыз», - делінген Президенттің жеделхатында. Мемлекет басшысы тағылымдық әрі танымдық мәні бар халықаралық фестиваль өткізудің маңызы зор екеніне тоқталып, фестивальға қатысып отырған шетелдік өнерпаздарға жеделхатында шынайы ризашылығын білдірді.

Мұнан соң Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетісулықтарды қуанышты мерекемен құттықтап, Бикен Римованың қазақ театрын дамытудағы рөліне тоқтала келе, «BIKEN» фестивалінің жетісулықтар үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев өз кезегінде осындай ауқымды шараны ұйымдастырушыларға және алыс-жақын шетелдерден қатысып отырған өнер ұжымдарына ризашылығын білдірді.

Бикен апаның қызы Меруерт Шаяхметқызы анасына, ардақты актрисаға көрсетіліп отырған ерекше құрмет үшін рахет айтып, жылы лебізін жеткізді.

- Құрметті талдықорғандықтар, сіздердің менің анама деген ыстық ықыластарыңызға, рухына құрмет көрсете білгендеріңізге шын жүректен ризамын. Бүгін «BIKEN» І халықаралық фестивалінің басталуымен қатар анамның мүсіні қойылды. «ТҮРКСОЙ» ұйымына, облыс әкімдігіне, мүсіншілер Айдос пен Тимурға, түрлі елдер мен қалалардан келген әртістерге рахмет айтамын, - деді ол.

Мерейтойлық салтанат бұдан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Концертте қазақ эстрадасының әншілері, өнер ұжымдары өнер көрсетті

Күнтізбе

« Ақпан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29      

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4001020