Ұлттық құндылықтарымызды ұлағаттайық
- Толығырақ
- Жарияланды 07.12.2017 04:03
- Автор: Super User
- Категория: Рухани жаңғыру
- Қаралды: 2334
Алматы облыстық ардагерлер ұйымының «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» бағдарламасының аясында облысымыздың елді мекендерінде өтіп жатқан «Жарасым- ды көршілер - сенімді әріптестер» атты дәстүрлі шара жуырда аудандық Мәдениет үйінде жоғары деңгейде өтті.
Жаһандану жағадан алған алмағайып кезеңде ұлттық құндылықтарымыздың озық үлгілері ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы болуы керек. Шараны кіріспе құттықтау сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Ш.Құрбанов ұлттық рухани жаңғырусыз мемлекетіміздің экономикалық, идеологиялық жетістіктерге жетпейтіні, Елбасымыздың мақаласында көзделген бағдарламалар елімізді жаңа рухани биік деңгейге жеткізіп, еліміздің халықаралық мәртебесін өсіретіні жайлы айтып өтіп, өткізіліп отырған игі шараға арнайы келген Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейітке сөз кезегін берді.
Ермек Әбілмәжінұлы өз кезегінде құрылғанына 30 жыл толып отырған Республикалық ардагерлер ұйымының тарихы мен ұйымды басқарған есімі елімізге әйгілі азаматтар туралы айта келіп дана халқымыздың «Көрші ақысы-тәңір ақысы», «Алыстағы туыстан жақындағы көршің артық», «Үй алма, көрші ал» деген атадан қалған ұлағатты сөздермен бастап, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылда көршілер сыйластығы дәстүрінің әлі күнге сақталып келе жатқаны ұлттық ерекшелік пен құндылығымыз екенін, ал қалалы жерлерде бір аула тұрғындарының ол рухани дүниеден алыстап қалғанын тілге тиек етті.
Кең сарайды мерекелік әуенге бөлеп, адамның жан дүниесін баураған қасиетті күй күмбірі, тұлпар тұяғының дүбірі, бұлбұл құстың тамылжыта сайрауы, дала төсін жаңғыртқан төрт түліктің үні бір-бірімен керемет үндестік тауып тұрған сахна төрінде қазақтың ұлттық нақыштағы жиһаздарымен,ата-бабаның көзіндей көрінген тұрмыстық заттармен безендірілген қос қазақ үй және ортадағы ұлттық тағамдарға толы берекелі дастарханға жайғасқан ақылман қариялар мен ақ жаулықты әжелер, әзілдері жарасқан тату абысындар, ұршықтай иіріліп қызмет көрсеткен келіндер мен қыз- жігіттердің өзге ұлт өкілдерімен тату көршілік қатынасының шынайы көрінісін көрсеткен Қоңырөлең ауылдық округінің «Назқоңыр» ансамблінің, аудан көркемөнерпаздарының мәдени- концерттік бағдарламалары көпшілік көңілінен шықты.
Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Ербол Сыпатаевтың ерлігін дәріптеген сахналық көрініс-көпшіліктің көңілінен табылды. Мәдениет үйінің фойесіне қойылған қолөнер және қыл қалам шеберлерінің туындыларын, ұлттық нақыштағы үй жабдықтарын, дәмі тіл үйірген ұлттық тағамдарын тамашалаған жұрттың ризашылығында шек болмады. Отаны үшін от кешкен, тарихта теңдесі жоқ ерлік жасаған қазақтың қаһарман ұлы Б. Момышұлы: «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі-бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі-немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден-салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын»,-деуі шындыққа айналып отырған жаһандану кезеңінде өз ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз бен ділімізді сақтап, ғасырлар сынынан өткен озық отбасылық тәрбиеден бір сәтке де қол үзбеуіміз керек. Тәуелсіздіктің тірегі - ата
дәстүр екеніне ауданымызда салтанатты жағдайда өткен ұлттық шара айқын, дәлел ретінде көпшіліктің есінде қалары сөзсіз.
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
заңгер.