Бірлігі жарасқан елдің келешегі жарқын

29.10.2021ж

Әр халықтың өсіп-өнетін мекені, ата кәсібін сақтай отырып заманға сай дамуына тіреу болатын жері бар. Біз үшін ол – ауыл. Аудан орталығынан шалғай жатқан Қоңырөлең ауылдық округінде жұрт ежелден еңбектерін еміп, ынтымақ-берекелерінің арқасында ел экономикасын көтеруге өздерінің қомақты үлестерін қосып  келеді. 

Ауыл адамдарының негізгі кәсіптері – мал шаруашылығы мен егіншілік екені де түсінікті.

                Топырағы құнарлы, суы мол, шыбық шаншысаң тал шығатын берекелі жер терін төккен шаруаның еңбегін еш кетіріп көрген емес.

               

Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әлімов ел тізгініне ие болып отырғанына бірнеше жылдың жүзі болды.  Талап та, сұраныс та өзгелерден артық болмаса, кем емес. Ауылдың көркеюіне, тазалығына қарап ұқыптылықты, жинақылықты байқаймыз. Бұл округке Қоңырөлең, Ынталы, Бөрібай би,  Керімағаш, Сартөбе ауылдары кіреді. Осы бес елді мекенде 3944 адам өмір сүріп, еңбек  етеді.

            Округ әкімі Нұрлан Әлімов күндіз-түні тыным таппай, ауыл көркінің келбетті болуы үшін күресуде.Ал, ең бастысы бұл істе оған бүкіл ауыл тұрғындары көмекке келеді. Міне, осылай өзара түсіністікпен жұмыс жүргізілген жұртшылық тұрмыстарының тартымды болуы жолында тер төгуде.

            Алда тұрған міндеттер де ауқымды.

 

            Ауыл шаруашылығын оның сыртында кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған  мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында нақты жұмыс қолға алынуда. Бірлігі жарасқан елдің жақында тағы бір қуанышына куә болдық. Ол округ тұрғындарының ауызбіршілігі  мен халықтың қолдануына берілген «Көктерек» өзеніндегі ауылдың күншығысы мен батыс бөлігін жалғайтын «Ынтымақ» көпірінің ашылуы.

            Көпір - әртүрлі кедергілерді (өзен, сай, жол, тағы басқа) басып өтуге арналған өткелдік құрылысы.  Адам өмірден өтсе де, соңынан барып тұратын сауапты амалдардың бірі - көпір мен жол салу. Округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен, қоғамдық ұйымдардың қолдауымен және ауыл азаматтарының демеушілігімен «Ынтымақ» көпірі халық игілігіне берілді. «Ынтымақ» көпірінің салтанатты ашылу  жиынына Панфилов, Іле аудандарының «Құрметті азаматы» Бердәулет Абдолдаев, аудан әкімі Талғат Өмірәлиев, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Шоқпаров, Панфилов, Кербұлақ аудандарының «Құрметті азаматы», байырғы             «Октябрь» асыл тұқымды қой совхозының директоры Өкен Әбілмәжінов, Кербұлақ ауданының  «Құрметті азаматы», ардагерлер арасында ұйымдастырылған «Батамен ел көгерер» республикалық байқауының бас жүлдегері Жақыпбек Самылтыров, Панфилов, Кербұлақ аудандарының «Құрметті азаматы», қажы, ақсақалдар алқасының төрағасы Дауысқожа Жұмабаев, «Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет  көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы», Алматы облыстық қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалының төрайымы Бағира Жазылбекова, аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ризван Сакиева, «Талдықорған әуендері» ансамблінің әншісі Абылай Қожақов және ауыл тұрғындары қатысты. Алғашқы құттықтау сөз Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әлімовке берілді.

                -Бұл күн - ынтымақ пен ырысы еселеніп, татулық пен  тұғыры биіктеген Қоңырөлеңдей көрікті ауылдың тұрғындары үшін «Ақ түйенің қарыны  жарылған күн!».  Жерлестеріміздің жүзінен шаттықтың лебі есіліп, көңілдері марқайып, мерейлері өсіп, қуанышқа кенелетін керемет сәт,-деп бастады сөзін Нұрлан Берікұлы.

            Өздеріңізге белгілі, өткен жылдан бері пандемия туындатқан қиындықтарға қарамастан ел болашағына елеусіз қарамайтын, патриот, жомарт азаматтардың қолдап, қуаттап, белсенді атсалысуымен ауылымызды көркейту бағытында ауқымды жұмыстарды атқарып келеміз. Атап айтсақ, ауыл азаматтарының демеушілігімен бой көтерген «Арай» спорт алаңы, Жеңістің 75 жылдығына орай Қоңырөлең ауылындағы ескірген Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіш айналасы абаттандырылып, жаңа «Жеңіс аллеясын» жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Жастар» саябағы және сол саябақтағы сахна құрылысы, саябақ аумағының биігіне орнатылған «Көктөбе» мен «Алтыбақан» саябаққа одан әрі көрік берді. «Қоңырөлең» атшабарындағы сахна құрылысы, атшабар алаңына 300 адамға арналған көрермендер отыратын жабық секторлар салынды. Сарытөбе ауылының ортасынан жаяу жүргіншілер өтетін көпір, Ынталы ауылындағы Аламан суының өткелінен көлік жүретін және Қоңырөлең ауылындағы Қожбанбет би көшесі мен С.Сейфуллин көшесін жалғастыратын көше аралық көпірлер жөндеуден өткізілді. Ескі алма бақтың орнына 360-түп әртүрлі сорттағы жеміс көшеттері мен 85 түп туя ағаштары отырғызылып, төрт бірдей әлеуметтік нысандар алаңына жаздық шатырлар орнатылды. Округ орталығы Қоңырөлең ауылының кіре берісіне 1983 жылы туылған түлектердің қаржылай қолдауымен 1 млн. 200 жүз мың теңге қаражатқа ауыл атауы жазылған жаңа стелла орнатылып, округ әкімі аппараты ғимаратының алдына округтің қысқаша тарихы жазылған тақта ілінді. Ел игілігіне бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғасатын болады.

            Мұнан соң Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев Панфилов,  Іле аудандарының  «Құрметті азаматы» Бердәулет Абдолдаев, ауған соғысының ардагері, аудандық мәслихат депутаты, «Панфилов ауданының «Құрметті  азаматы» Елтай Қожақов сөз  сөйлеп, бірлігі нығайып, берекесі артып  отырған ауылдың  гүлдене, көркейе беруіне тілектестіктерін білдіріп, пайдалануға беріліп отырған «Ынтымақ» көпірінің ашылу салтанатына жиналып отыған ел-жұртты қуанышымен құттықтады. «Ынтымақ» көпірінің аталуы жазылған тақтаны ашу құрметі Өкен Әбілмәжіновке, Ерғали Шоқпаровқа, Бағира Жазылбековаға, Ризван Сакиеваға берілді. Мұнан соң  аудан әкімі Талғат Өмірәлиев, Бәрдәулет  Абдолдаев, Дауысқожа Жұмабаев, Өтеген Бітебаев  лента қию рәсіміне құрметпен ортаға шақырылды.

            Шара барысында «Ынтымақ» көпірінің құрылысына қол ұшын созып, белсенділік танытқан бір топ округ тұрғындары «Алғыс хатпен» марапатталды. Сондай-ақ салтанатты сәтте ақындар  өлеңдерінен жыр-шашу шашылып, өнерпаздар  өнері тамашаланды.

(Өз тілшіміз).

Күнтізбе

« Қараша 2022 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2969338