Ұлық мереке қарсаңында Ақкентте жаңа мешіт ашылды

Еліміз егемендік алғаннан бергі кезеңдерде, яғни 25 жылдан астам уақыттан бері халқымыз жаппай дінге бет бұрды. Мешіттер саны да күн санап артып келеді.

     Қасиетті Құрбан айт қарсаңында Үлкеншыған ауылдық округіне қарасты Ақкент ауылында  сәні мен салтанаты үйлесім тапқан жаңа мешіттің есігі жамағатқа айқара ашылды. 

     Жаркенттік кәсіпкерлер  Мұрат Зубаршаев пен Молутжан Тохтахуновтың бастамасымен халықтың пайдалануына берілген жаңа мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ-нің Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Серікхан Ахмадиев, «Нұр Отан» партиясы

    Панфилов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмайлов пен БАҚ өкілдері және округ тұрғындары қатысты. Ақкент ауылындағы мешіттің салтанатты ашылуында Алматы облысы Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Серікхан Ахмадиев сөз сөйлеп, жаңа мешіттің ашылуымен ел- жұртты құттықтады, жаңа мешіттің көрімдігі ретінде қасиетті «Құран Кәрімді» сыйға тартты.        

      Мұнан соң «Нұр Отан» партиясы Панфилов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Нұркешұлы Досмайлов жұртшылыққа құтты болсын айта отырып, имандылық үйінің көбеюі өңірдегі халықтар бірлігінің, достықтың, жақсы өмірдің де кепілі екенін айтты. Ол ауданның барлық елді-мекендеріндегі мешіттердің  адамдарға рухани тәрбие беретін имандылық ошағына айналғанын да тілге тиек етті. Жиында ауданның бас имамы Ұлан Сарпеков, көкталдық Махамет қажы Махаметов, кәсіпкер Амролла  Абдулдаев, ауыл тұрғындары, ел ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері игі тілектерін  білдірді.

    Салтанатты жиында мешіттің лентасы қиылып, Тұрымтай Нұрахметова бастаған ақ әжелер шашу шашты. Пендесінің Аллаһ- Тағалаға деген ғибадат құлшылығы мен тілегін қабылдап, жәннат бақшасына жол ашатын, жүрекке иман нұрын шашатын қасиетті мешіттің ішін көпшілік аралап көрді.

   -Осы мешіт, кәсіпкер жігіттердің күшімен, бір Алланың берген қуатымен салынды.  Барлығымыз қуаныштымыз. Ауылдастарымыздың жүздерінде нұр жанып тұр. Құдай  содан айырмасын. Жаңа мешіттің салтанаты құтты болсын, - дейді  Ақкент ауылының тұрғыны Қайрат Нұрманов. 

   Салтанатты жиынға жиналған көпшілік қасиетті Құрбан айт қарсаңында пайдалануға берілген мешітті тұрғызуға мұрындық болған жандарға «Алла риза болсын!» айтып, осындай бастама еліміздің болашағын имани жолмен тәрбиелеуге ықпал ететініне тоқталды.Құрылысы 2016 жылы басталған жаңа мешіт 150 адамға арналған. Салтанатты жиынның  соңында жиналған көпшілікке ақ дастархан жайылып, ас беріліп, құран оқылды. 

                                                                                                             Бағдат Бейсенқызы.