Сақал сән бе?

23.06.2021ж

Сақал мәселесінің тарихы мен тағдыры  тереңде.  Бертінірек беткейлеріне ғана шағын шолу жасайықшы. Біздің дәуірімізге дейін түрлі-түрлі елдерде түрлі-түрлі сақал қою салттары болған. Шумерлер шал-шауқандығына немесе жалындаған жастығына қарамай-ақ сақал-мұрт өсіріпті. Тіпті бұйралап, бояп, баптайтын болыпты.

Сәндеп тараудың тәсілдерін ойлап тапқан. Сақалдың алуан қасиеттері, жамандықтан сақтайтын киесі бар деп түсініпті.

Кейбір елдердің еркектері, жиһанкез жауынгерлеріне дейін ұзын сақалды бопты. Ал, қарсылас дұшпандары сақалдың киесінен қорықпай, аяусыз айқастар мен шайқастар кезінде «тиімді» пайдаланған. Сақалдан ұстап, бас кескенді қолайлы көрген. Мұны білген Македонскиіңіз, яки Ескендір Зұлқарнайын бүкіл әскерлеріне сақал-мұрт қырғызуды заңға айналдырған.
Орыстарда сақал бұрыннан-ақ бар: Қалың. Қаба. Мұрт та, сақал да аса ұзын болған. Наталья Дорожкина дейтін тарихшы мұғалімнің жазуына қарағанда, орыстар бір замандарда жаппай сақалды, келесі бір кезеңдерде діндарларынан басқаларының бәрі сақалсыз жағдайларды бастан кешкен. Шыңғыс ханның шапқыншылығы дәуірінде бұрынғы сала-құлаш сақалдары мен салбыраған мұрттарынан арылып, жаппай қырмаққа кіріскен. Бірақ естерін тез жиып, христиандық негіздеріне қайта оралған. Бәрібір әр патшаның тұсында әрқилы кепті өткерген. Небір патшалар біресе мұрт пен сақал өсіру, біресе бірін алып, екіншісін қалдыру, кейде түгелдей сыпырып тастау турасында пәрмендер беріп, жарлықтар шығарған. 1757 жылы ұлы тұлға М.Ломоносов «Сақал туралы гимн» жазып, жырлаған. Дворяндар, шенеуніктер және студенттер сақалдарын қырып жүруге міндеттелген. Тек кейбір әскер түрлерінің офицерлеріне ғана мұрт өсіруге мұрсат берілген.
Сақалдың қадір-қасиеті туралы мақал-мәтел көп. Арғы ата-бабаларымыздың сақал-мұрт қоюында үлгі-өнеге аз емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы тиісті кісілерден пікір тартсаңыз, пайғамбарымыз (с.ғ.с) сақалды өзінің бет-жүзіне, болмысына жарасымды етіп, жан-жағын, ұзындығын қысқартып қойған.
Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Тәуке ханның, Төле би, Қазбек, Әйтеке билердің, Бұқар жырау мен Абылай ханның, Махамбет пен Абайдың, Шәкәрім қажының, Ыбырай Алтынсариннің, Ақан сері, Біржан сал, Жамбыл мен Кененнің, тағы басқа да текті тұлғалардың сақалдарынан хабардарсыз. Күні кешегі Алаш асылдарының зиялы да зиятты келбеттеріне сақал-мұрттары кереметтей келіседі-ақ.
Жүрген жерімізде жиірек сөз етілетін нәрсенің бірі - сақал. Әрине әркімнің өз еркінде. Өз құқығы өзінде. Сондағы, пікір-сайыстың қаттырақ кететін кездеріне куә болатынымыз рас.
Гәп сақалда емес, адамның пейіл-пиғылында, ниетінде. Алайда осы күні қалың сақалдылардан қорқатын болдық. Баяғыда сақал қоя бастаған аға-аталарымыздың жүзінен шуақ есіп, мейірім төгілуші еді. Қазір сақал қоя салса кейбіреулердің жүздері, керісінше, сұп-суық болып, қатыгезденіп кетеді»-деді бір кісілер. Осы жат ағымдар жан дүниені мүлдем басқашалап жіберді-ау дейді екінші кісі. Суретшілер, сәулетшілерді, ақын-жазушыларды, тағы біраздарды қосқанда орта есеппен олардың отыз пайыздайы сақал-мұрт өсіреді. Құдайға шүкір, қоямыз десе, қатардағы қарапайым адамдарға да жағдай жеткілікті. Қайшы-құралдар да, ұсталардың түр-түрі де баршылық қой қазір.
Әзірлеген. Б.Тлеухан.

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4132331