Карантин кезіндегі Құрбан айт мерекесін өткізудегі қағида

28.07.2020ж

Жетісулықтар құрбан шалу рәсімін онлайн режимінде өткізуге өтінім бере алады. Бұл туралы ақпараттық алаңында «JETISÝ MEDIA»  Талдықорған өңірі бойынша ҚМДБ бас имамы Ардақ Оразбаев хабарлады.

 

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, құрбан айт  мерекесі қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы qurban2020.kz. арнайы сайтын іске қосты

Ол арқылы әрбір ниет білдіруші құрбандық шалу рәсімін өткізуге өтініш бере алады.

"Енді Алматы облысының тұрғындары да өз борышын үйден шықпай-ақ денсаулығына қауіп төндірмей орындауға мүмкіндігі бар. Ол үшін сізге сайтқа кіріп, "құрбандық шалу қызметіне тапсырыс беру" ұяшығын басу қажет, әрі қарай өңірді, толық атын, телефон нөмірін көрсету қажет, содан кейін құрбандық шалу үшін мал таңдап, қажетті соманы төлеуге болады", - деп түсіндірді Ардақ Оразбаев.

Бас Имам сондай-ақ, азаматтардың рәсімге жеке қатыса алмайтынын атап өтті. Өйткені, сойып, етті бөлшектеу үшін арнайы бөлінген орында қасапшылар адамдардың тапсырыстарын орындайтын болады. Ал тапсырыс беруші фото - және бейне есеп сұрай алады. Ол ет мұқтаждар арасында толығымен таратылатынын атап өтті. Ал қызметке тапсырыс берген азаматтар құрбандыққа шалынған малдың етінің  үшінші бөлігін өзіне қалдыра алмайды.

Құрбандық шалу рәсімін өткізу орнында міндетті түрде барлық қажетті санитарлық шаралар сақталатын болады. Бұл туралы Талдықорған қаласының эпидимиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Айдана Тәттімғалиева мәлімдеді.

"Құрбандық шалу қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Ет сақтайтын орындарда қажетті медициналық анықтама және арнайы киім болады. Ал салттың өзі ашық аспан астында өтеді. Сондай– ақ, 4 мобильді топ міндетті санитарлық және карантиндік шаралардың сақталуын қадағалайтын болады", - деді Айдана Тәттімғалиева.