Терроризм мен экстремизм - адамзатқа төнген басты қатер

17.10.2019ж

Адамзатқа соңғы он жылдықта төнген басты қауіп-қатер терроризм мен экстремизм екенін жаһандық қауымдастық мойындап, оған қарсы нәтижелі күрес жүргізу мақсатында күш біріктіруде. Сол әлемдік қауымдастықтың ең бейбітшілік сүйгіш мүшесі ретінде танылған тәуелсіз қазақ елі үшін де осы заманауи қатер өзекті мәселеге айналып отыр.

Кезінде Алматы, Ақтөбе тағы басқа елді мекендерде орын алған террорлық актілер соның айқын дәлелі десек болады. Саясатта да терроризм мен экстремизм тек өздеріне ғана тән радикалды көзқарастарды ұстанады және оларды жүзеге асыруда цифрландыру мен технология жетістіктерін ұтымды пайдалануды қарастырады.
«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі №416 Заңының түсіндіріліміне сәйкес терроризм-күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау немесе жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы, ал терроризм актісі - адамдардың қаза табу қаупін төндіру, едәуір мүліктік залал келтіру не қоғамға қауіпті өзге де салдарлардың туындау қаупін төндіретін жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де іс-әрекеттер жасау немесе жасаймын деп қорқыту, егер бұл іс-әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына әсер ету мақсатында жасалса, сондай-ақ нақ сол мақсаттарда адам өміріне қастандық жасау, сол сияқты мемлекет не қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау саналады.
«Террор» сөзінің мағынасы латын тілінен аударғанда, қорқыныш, үрей деген ұғымдарды білдіреді. Терроризм мен экстремизм мемлекеттің тұтастығына, қоғамның бірлігіне тікелей қатер төндіріп, зорлық-зомбылықпен, көзсіз фанатизммен, өздерінің жалпыадамзаттық ортақ құндылықтарға жат қасаң қағидаларына берілгіштігімен, ешбір ымыраға келмеуімен ерекшеленеді. Технология ғасырының озық жетістіктерін терең меңгерген, алпауыт қаржылай қолдаушылары бар заманауи терроризм бүгінгі күні мемлекеттердің шекараларынан шығып, әлемдік қауымдастықтың қауіпсіздігіне елеулі қауіпті қатер төндірген аса күрделі, көпқырлы және аса жағымсыз саяси-әлеуметтік құбылыс болып табылады.
Терроризмнің обьектісі-қоғамның қауіпсіздігі, қосымша обьектісі-адамдардың өмірі мен денсаулығы болып табылады. Терроризмді көп обьектілі қылмыс түріне жатқызатыны да сондықтан. Қылмыстың обьективтік жағы-жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза болуы, елеулі мүліктік зиян келтіру не қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де зардапты әрекеттерді жасау, ал субьективтік жағынан-терроризм тек қана тікелей қасақаналықпен жасалатындығымен ерекшеленеді. Кінәлі адам заңда көрсетілген әрекеттерді істеу арқылы зардаптардың болу қаупін туғызғанын немесе соны жасаймын деп қорқытудың қоғамға қауіптілігін сезеді және соны саналы түрде жүзеге асырады. Бұл аталған қылмыстың субьектісі болып 14 жасқа толған, ақыл есі дұрыс адам саналады, ал обьектісі болып қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, реттейтін қоғамдық қатынастар, адамдардың өмірі, денсаулығы, меншігі немесе сезім мүдделері болып табылады.
Терроризм мен экстремизм үшін қылмыстық жауаптылық Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 255-260 баптарында көзделген. Атап айтқанда, терроризм актісін жасау, терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, экстремистік немесе террористік әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік, терерористік не экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаржыландыру, террористік не экстремистік даярлықтан өту үшін қылмыстық жауаптылықтар қылмыстық заңнамада толық қарастырылған.
Заманауи терроризм мен экстремизм қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне белсенді түрде әсер ететін деңгеймен, әлеуетті арттырумен террористік және экстремистік топтар ықпалды саяси құрылымдарға айналумен, терористер мен экстремистердің іс-әрекеттерінің асқан қатігездігімен т.б. ерекшеліктерімен сипатталады. Терроризм, экстремизм түріндегі ұйымдастырылған қылмыстар бүкіл әлемдік қауымдастық үшін бүгінгі күндегі басты қауіп қатер болып есептеледі.
Шындығын айту керек-жастарымыздың дәстүрлі емес діни ағымдардың зиянды қырларын білмегендіктен, діни сауаттылық деңгейінің төмендігінен немесе қоғамдағы әлеуметтік, құқықтық әділетсіздіктерден зардап шеккендіктен, жұмыссыздықтан, қаржылай қиындықтардан шығатын жол таппағандықтан сол ағымдардың жетегінде кетіп жатқанын ашып айтуымыз керек. «Ауруды жасырғанмен өлім әшкере қыладының» кері келіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелде, өз елімізде діни оқу орындарында білім алуға бақылаудың әлсіздігінен және қолымызды кеш сермегендіктің кесірінен әлемдегі бар діни ағымдар елімізге еркін еніп, азаматтарымыздың санасын улап, мыңдаған отандастарымыз жат жердегі соғыстарға қатысты, опат болды. «Жусан» операциясы нәтижесінде жүздеген азаматтарымыз елге оралып, тұрмысқа бейімделіп, кейбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаларын өтеп жатыр.
Жастар-тәуелсіз еліміздің болашағы болғандықтан мемлекет орынсыз көп қаржы жұмсалатын қайтарымы жоқ ауқымды жобалардан, тойымсыз банктерді «сауықтырудан», халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын кейбір даңғаза атақ үшін ғана өткізілетін «шоу-саммиттерден» бас тартып, ол қаржыны жастарды оқыту, әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарға тиісті жәрдемақыларды төлеу, жұмыспен және баспанамен қамту сияқты әлеуметтік қамқорлықтарды көрсетуі керек деп есептейміз.
Адамның тұлға ретінде қалыптасуы жастық шағында басталатындықтан ұлттық құндылықтармызбен, озық салт-дәстүрімізбен сан ғасырлар біте қайнасып кеткен асыл ислам дініміздің дәстүрлі Әбу-Ханифа мәзһабының құнды қағидаларынан айнымай, оларды жастарымыздың бойына бала жасынан сіңіріп өсірсек иманды, діни сауатты ұрпақты қалыптастыратын боламыз.
Деструктивті діни бағыттардың ықпалына түскен кейбір азаматтарымыз қоғамға, мемлекетке тіпті жақындарына өзін қарама қарсы қойып, қазақ халқының бай рухани мәдениеті мен ұлттық дәстүр-салтына теріс көзқараспен қарайтын болатынын естен әрқашан да шығаруға болмайды.
Мемлекеттегі діни ахуалдың тұрақтылығы мемлекеттің саяси-әлеуметтік тұрақтылығының негізі болып табылады. Сол себепті азаматтарымыздың діни сауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, іс-шараларды сауатты, дер кезінде жүзеге асырып отыру, еліміздегі конфессияаралық келісімге, өркениетті мәдениетке, имандылыққа және ұлттық құндылықтарымызға негізделген рухани тәрбие беруді уәкілетті мемлекеттік органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар яғни, бүкіл қоғам болып болып жүйелі түрде жүргізе білсек қана терроризм мен экстремизм сияқты заманауи қатердің алдын алатын боламыз, ағайын!
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
Қазақстанның Заңгерлер
және Журналистер
Одақтарының мүшесі.

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4130523