Тұтастық пен бірліктің рухани тірегі

05.07.2019ж

Дін  мемлекетімімізден ата заң бойынша бөлінсе де, қоғамнан әсте бөлінбек емес. Қазіргі кезеңде дін – қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасауда.

     Дінсіз қоғам болмайтындығы секілді, дінсіз өмір де, мәдениет те болмайды. Дін  қоғамды қалыптастыратын ұйытқы ретінде адамзат өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кейбір идеологиялар мен радикалды діни ағымдар мен топтар діннің осы рөлін пайдаланғысы келеді. Бүгінгі күні дүниежүзінде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, мәдени  экономикалық оқиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін айту жаңсақтық болмас.     Әсілі, дін – осы салаларға бағыт-бағдар беретін күштің бірі, тіпті ең бастысы. Қоғам құрылымының анатомиясында діннің алатын орны ерекше. Елдің ынтымағы мен тұрақтылығын сақтайтын да осы діннің өзі болып табылады.

     Қазақ халқы ата дініне аса құрметпен қарап оған ерекше көңіл аудара отырып, дінді өз салт –дәстүрімен, ережелермен ұштастырып өскелең ұрпаққа өнегелі өсиет қалдырған. Еліміз сонау «тар жол, тайғақ кешу» заманында да дін жолымен жүре отырып бірліктің туын түсірмеген. Тәуке хан алғаш қазақ қоғамының құқықтық жүйесін қалыптастыруда мұсылмандық - шариғат нормаларына сүйеніп отырған, оның бір айғағы ретінде өз-өзіне қол салғандарды бөлек жерлеуді бекіте отырып, адам өмірі – оның баға жетпес қазынасы екенін келешек ұрпаққа жеткізу еді.

    Еліміз егемендік туын желбіретіп, барша жұртқа тәуелсіздігін паш етіп, заман талабына сай өз Ата заңы мен заңдарын қабылдады.

    Соңғы кездегі жанжалдардың дін мәселесіне байланысты болуы, түрлі радикалды діни ұйымдардың билік басына келуді көздеуі, олардың сан жылдар бойы сақталған мәдениет ошақтарын қиратуы, атадан балаға келе жатқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты жоюы алаңдатпай қоймайтыны рас.

     Әрине қазіргі таңдағы түрлі теріс құбылыстардың алдын алу мен жастарымыздың жалпы тәрбиесі үшін дәстүрлі дінімізді «құқықтық мойындалған» халқымыздың әдет ғұрыптарымен сабақтастырса берер пайдасы мол болар еді.                        

     Ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қасық қаны қалғанша қорғаштап келген, асыл қазынамыз - жеріміз, тіліміз бен дініміз. Ендеше, бірлігіміздің діңгегі ретінде - дініміздің қаймағын бұзбай ұстап қалу оны өскелең ұрпаққа жеткізу, біздің еншімізге тиген міндет.

    Дініміздің беріктігі – бірлігіміздің діңгегі күннен күнге қарыштап дамып, самұрықтай самғап ұшқан, түрлі ұлыстар мен ұлттардың  тағдыры қосылған қасиетті мекеніміз - Қазақстанның бір тұтастығы мен бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтау - барша азаматтың қасиетті борышы.

М.Илипов

аудандық ішкі саясат

 бөлімінің басшысы.