Шет елде діни білім алудың қауіптілігі

05.07.2019ж

Қазіргі таңда біздің көптеген жастарымыз  шетелдегі діни орындарында білім алып жүр. Соңғы екі жылдан бері Саудия және Мысырдың жоғарғы діни оқу орындарына оқуға қабылдаудың талаптары күшейтілген. Атап айтқанда, Саудияның жоғары діни оқу орындарына қабылдаудың жаңа тәртіптері белгіленіп, іске аса бастады.

Осы тәртіпке сәйкес көрсетілген елдің оқу мекемелеріне тек Қазақстанның мемлекеттік оқу орындарының жолдауымен және діни органдарының ресми рұқсатымен ғана түсуге болады.

   Еуропа елдері мен Америкада жағдай тыныш болса, араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн.

    Шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатерлерге ерекше тоқталғанды дұрыс деп есептеймін.

    Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келеңсіздіктерге аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың (ордендер) тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, сенімсіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін.

    Екіншіден, балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде немесе діни орталықта оқып жатқанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақылауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жатқанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, сенімсіз «хұжыралар» мен «марказаларға» (діни мектептер) байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Және балаларының бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды.

    Үшіншіден, ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы немесе ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін.

    Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, елміздің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш жігерін жұмсап отыр. Алайда, мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек.

     Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев елдің қиын экономикалық жағдайларына қарамастан,    1993 жылдың өзінде Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін ашқызды. Алғаш құрылған 2000 жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады.

  Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

       Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде алты жоғары оқу орнында – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ мен «Нұр Мүбәрак» университетінде және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде  дінтану мамандары даярланады. Бүгінде мемлекет пен отандық оқу орындарының тарапынан шетелдің діни оқу орындарынан Отанға қайтып оралған қазақстандық студенттердің діни білімдерін жалғастыруын қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар қолға алынып отыр.

      Егер де, сіз немесе сіздің туыстарыңыз деструктивті діни ағымның арбауына түскен болса, діни салаға байланысты сұрақтарыңыз туындаса, облыс бойынша тегін  8-800-080-28-95 сенім телефонына    хабарласыңыз!

      Бүгінгі ғылым мен технологияның дамыған заманында баршамызға ақпарат тарату құралдарының кең тараған түрі – ғаламтор желілері. Мұның пайдалану үрдістері де әртүрлі. Өйткені, бүгінгі жастардың санасы мен психологиясы, тұрмыс-тіршілігі ғаламтор әлемімен тығыз байланысты екені белгілі. Осы жағдайды пайдалана білетін радикалдық топтар ғаламтор желілері арқылы дәстүрлі емес, экстремистік идеологияларын таратуға кірісті. Жастарымыздың бір бөлігінің ғаламтор желілері арқылы теріс идеологиялардың арбауына тез ілініп, қолшоқпары болып кеткені де рас.

      Жас бүлдіршіндер өзі компьютер, смартфон т.б. құралдарын ата-анасынан да жақсы біліп, меңгеріп алған. Бүгінгі жастар  интернет әлеміне емін-еркін кіреді, жеке аккаунттарын ашып, кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады. Міне, осы кезде діни сауаты, таным-түсінігі қалыптасып үлгермеген буынның  теріс пиғылды топтардың тұзағына түсіп қалуы да оп-оңай.

      Соңғы жылдары Таяу Шығыста белең алған лаңкестік әрекеттермен танылған «ДАИШ» содырларының да жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Олар ғаламтор кеңістігін тиімді пайдалана отырып, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасайды.

      Радикалды ағымдар жастарды арбауда көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Одноклассники» т.б. осы тектес желілерді қолданады. Экстремистер әлеуметтік желілерде күндіз-түні жастарды аңдып, олардың өмірлік көзқарастары мен дүниетанымдарын зерттеу келе өз айла-тәсілдерімен саналарын сан түрлі жолмен арбауға тырысып бағады. Дегенмен, әлеуметтік желілердегі жат ағымдардың айласымен таныс болған соң, әрбір ата-ананың ойына келетіні – мұндай келеңсіздіктерге тосқауыл қоюға қамдану.

      Баланы қадағалау немесе әлеуметтік желілерге шектеу қою қалай жүзеге асады?

1)  Әрбір ата-ана алдымен ғаламтор желілерін өзі пайдаланып, әрдайым баласымен тығыз байланыста болуы керек;

2)  Баласынан әлеуметтік желідегі жеке аккаунтының құпия сөзі мен логинін алып, әрдайым кіріп , жазбаларына қарап, рухани дүниетанымын үнемі қадағалаған абзал;

3)  Парақшасында экстремистік және террористік жазбалар болса, дереу психолог немесе дін маманымен хабарласу қажет;

4)  Баланың тіркелген бірлестіктерін қадағалау керек. Әдетте, жат ағымдар бірлестіктерге жастарды тіркеу арқылы идеологияларын таратады;

5) Дін мәселесінде сұрақтар туындаса, сенімсіз бірлестіктерден, яки, радикалды бағыттағы арбаушылардан сақтану керек;

6)  Отандық ғалымдар, мамандар мен сарапшылармен байланыс орнатқан жөн;

7)  Тек сенімді бірлестіктерге тіркелу қажет;

                Осындай реттілікпен баланы теріс бағыттан сақтандыру шараларын әрбір ата-ананың жүзеге асыруына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, ғаламторда діни уағыз-насихаттарды таратушы ақпараттық деректерге назар аударған дұрыс.  Өйткені, отандастарымызға әлеуметтік желілерді пайдалану барысында дұрыс ақпарат алу үшін, сенімді порталдардан ақпарат алуға сілтеме негізінде ұсынылады. Сондай-ақ, ғаламтор арқылы лаңкестік пен экстремизм идеологиялары және басқа да түрлі жат пиғылды ағымдарға қарсы жастар арасында иммунитет қалыптастыру – маңызды міндет.

                Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелері бойынша сенімді ақпарат алу үшін ұсынылатын сайттардың тізімі:

                1. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми интернет-ресурсы - «http://www.din.gov.kz»

                2. «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы»  РММ-нің сайты «http://niac.gov.kz»

                3. «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» РММ-нің сайты - «http://mckr.kz»

                4. «Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ-нің сайты -«http://religion.zhetysu.gov.kz»

                5. «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің сайты - «http://din-kmm.kz»

                Ислам мәселелері бойынша сенімді ақпарат алу үшін ұсынылатын сайттардың тізімі

1. «http://e-islam.kz/»

2. ҚМДБ орталық аппаратының сайты - «http://old.muftyat.kz/»

3. Алматы қ. орталық мешітінің сайты - «http://azan.kz/»

4. «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің сайты - «http://muslim.kz/ru»

5. «Нұр Астана» орталық мешітінің сайты - «http://ummet.kz/kz/»

6. «Сәдуақас Ғылмани» мешітінің сайты - «http://sunna.kz/»

7. ҚМДБ пәтуаларды түсіндіру сайты - «http://fatua.kz/»

8. ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның сайты - «http://halaldamu.kz/»

9. ҚМДБ «Ислам және өркениет» газетінің сайттары  - «http://www.kazreligiya.kz», «http://www.islam-orkeniet.kz/»

                Егер де, сіз немесе сіздің туыстарыңыз деструктивті діни ағымның арбауына түскен болса, діни салаға байланысты сұрақтарыңыз туындаса, облыс бойынша тегін. 8-800-080-28-95   сенім  телефонына  хабарласыңыз!