Дәстүр - қуатты күш

13.06.2019ж

Теріс ағым деген – вирус.  Оның шеті яки шекарасы жоқ.  Теріс ағымдардың жолына түсіп кетудің астында діни білімнің таяздығы жатыр. Бұл дегеніміз - бұрыс бағытты ұстанып, дәстүрін мойындамай жүрген азаматтарымыз бен азаматшаларымызға шариғат пен салт-дәстүрді   байланыстырып тұрған хадистер мен аяттар жетпегендігі немесе діни білімді беріп отырған адам айтпағандығы.

     Осы ретте айта кететін жағдай білімін шет елдерінен ұштағысы келетін адамдарға қазақтың салты мен дәстүрі туралы еш ақпарат берілмейді.  Әрине, бұл туралы егжей-тегжейлі өзіміздің жоғары оқу орындарымызда, медреселерде, мешіт жандарынан ашылған курстарда айтылады.    Ал, шет елдерінің ғалымдары бұрын соңды қазақ еліне келмеген, қазақы дәстүрлерді көрмеген дін мен дәстүрдің сабақтастығын үйрете алады ма?!

     Дәстүр - әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталған құндылықтар.  Ислам дінін ұстану бір халықтың әдет- ғұрыпы  шариғат шеңберінде құпталса,салт-дәстүрі құндылығын айырмайды.  Құран  Кәрімде: «Кешірім жолын ұстан, ғұрыппен әмір  ет және надандардан теріс айнал» - деп бұйырған. Алла Елшісі (с.ғ.с) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет- ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына кереғар келмейтінін қабылдап, қарсы келгеніне тыйым салды.

     Шариғатта    халыққа  үйреншікті болған жақсы дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мәзһабтардың имамдары қолдайды. Алла Елшісі (с.ғ.с) хадисінде «Кімде кім өзін таныса, Раббысын да таниды» - деген. Өзін тану - өз ұлтын сүю, салт-санасын, әдет-ғұрпын жете білу. Сол себепті, дәстүр – қуатты күш, кез-келген ағымға төтеп беретін құндылық. Дін мен дәстүр – жікке бөлінген жамағатты ортақ мүддеге жұмылдыратын жол.

     Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай білгеніміз жөн.

Шәріп  Серік,

ауданның

бас  имамы .

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4131205