Ауданға орталық атауы берілсе...

 «Қазсушар»  РМК Панфилов өндірістік учаскесінің  мүшелері    жалпы  жиналыстың  шешімі  бойынша   ауданымыздың  аталуы, халықтың  қалауы мен  жер тарихына  байланысты  «Орбұлақ» ауданы  болып  өзгергенін  ұжым мүшелері  бірауыздан  қолдайтынымызды  білдіргіміз келеді. Себебі, әр  ұлттың  өзінің  атамекені, бәріне  ортақ  киелі  жерлері мен  тағлымыды тарихы  бар. Осынау халықтық ерекшелік аталмыш елдің  рухани дәстүрлерінің  басты  қағидаттарының бірі. Яғни, туған елге, жерге, Отанға – деген сүйіспеншілік, елжандылық  қасиеттер  жалпыұлттық  мақтаныштың  негізгі  өзегі  екені  баршаға  аян.

 

          Мінекей, тарих  пен  ұлттық  дәстүрдің  бір – бірімен етене  ұштасуы  келер  жас  буынның  ұлттық  тәрбиесінде  ойып  тұрып  орын  алатын маңызды  шара. Сондай – ақ, ел – жұртымызға  үлгі боларлық  игілікті  үлкен  іс – шараның  бірі – ауданымыздың  атауының  заман  талабына  сай  өзгертіліп – «Орбұлақ  ауданы» деп  қайта  жаңғыруын  санаймыз. Сонау, ХVІІ ғасырда Жоңғар шапқыншылығына  қарсы  Отан қорғау соғысында ерен ерлік көрсеткен  Салқам  Жәңгір хан мен  қазақ батырларының  жанқиярлық (700 қазақ  батырының 50 000 жоңғарға қарсы соғысы) шайқасының  куәсі болған, ұлт  тарихында  алтын әріппен  жазылған – киелі  «Орбұлақты» қалай  дәріптесек  те  жарасады-ау.  Демек, өшпес  ерлік  пен  өрліктің, ұлттық  рухтың  бойтұмары  болған -  «Орбұлақ» есімінің  біздің  ауданға  берілуі үлкен  қуаныш,  үлкен  құрмет  емес пе, ағайын! Ұрпақ  тәрбиесінде  ұлтжандылықтың,  патриотизмнің  жалынды  жаршысы  болатын  аталмыш  тарихи  атауды  иеленіп -  «Орбұлақ  ауданы болып  тарихқа  енсе» -деген ізгі тілегіміз бар.

                Тәуелсіздік аясындағы  ширек  ғасырдан астам  уақыттан  бері  қағажу көрген ұлттық дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, тарихымыз  түгенделуде. Міне, осы  бір  көзайым болар  жаңалықты  соның  жарқын бір  көрінісінің  күәсі деп білейік, қуанышымыз  ұзағынан  болсын,  ағайын!!!

                                     «Қазсушар »  РМК

                                  Панфилов өндірістік учаскесінің  қызметкерлері.