ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА АЛҒАШ РЕТ «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

2023-12-15


Жетісу облысы бойынша AMANAT партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I өңірлік форумы өтті.

 

 

Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған шараға «AMANAT» партиясы атынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары,  облыстық басқарма және департамент басшыларымен, партия ардагерлері мен белсенділері қатысты.
Мақсат- жергілікті атқарушы орган өкілдерімен байланысты нығайту. Яғни халық қалаулары өздеріне дауыс берген сайлаушылардың мәселелерін мінберден көтеріп, оның шешілу жолдарын жеңілдетпек. Сонымен қатар шарада Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.

Форумның ашылуында сөз алған Жетісу облыстық партия филиалының төрағасы Арыстанғали Арын сайлауалды бағдарламасы аясында өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуының 11 айына қорытынды жасады.

«Барлық деңгейлі мәслихат депутаттарының облыстық алғашқы форумы. Биылғы жылға жоспарланған  112 іс-шараның  60% орындалды.  Жол картасында көзделген 123  іс-шара кезең-кезіңімен орындалатын болады. Ол жұмыстардың барлығы партиялық бақылауда болады.  Аманат партиясының депутаттары жыл басынан бері  800-ге жуық қабылдау өткізіп,  700-ге тарта азаматты жеке мәселелерімен қабылдаған.  «Жер аманаты» жобасы арқылы биыл 240   мыңнан аса гектар жер мемлекетке қайтарылып, халыққа үлестірілді. «Ауыл аманаты»  жобасы аясында облыста 3 млрд 939 млн. теңгеге 646 өтінім қабылданып, оның ішінде 489  өтінімі  мақұлданып,  379 өтінімге несие  берілді» - деді  Жетісу облыстық партия филиалының төрағасы Арыстанғали Қадырұлы.

Алқалы жиын барысында Мәслихат депутаттарының рөлі туралы айтқан өңірлік партия төрағасы тұрғындар көтеретін өзекті мәселелерді шешу жолындағы міндеттерін атап өтіп, сайлау алды бағдарламалардың орындалуына басты назар аудару қажеттігін ескертті.
Айта кетсек, Жетісу облысында барлық деңгейдегі 168  мәслихат депутатының 117-і «AMANAT» партиясының мүшесі. Ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында облыс бойынша мәслихат депутаттары облысымыздың                                әр аудан және  ауылдарда тұрғындармен 159 есептік кездесулер өткізді.