Жетісу облысында ардагерлерге шамамен 160 млн теңге төленеді

2023-05-04


Биыл Жетісу облысында Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында 2309 азамат жалпы сомасы 156,7 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек алады. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облысымызда тұратын ҰОС ардагерлері мен қатысушыларына 1,5 млн теңгеден төленеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт айтты.
«Облыста 87 402 ден артық зейнеткер бар. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері – 8 адам. Соғыс жылдарындағы тылда еңбек еткен зейнеткерлер саны- 2332 адам. Бүгінде олардың барлығына қамқорлық көрсетіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ақшалай сыйлық  және жыл басынан бергі коммуналдық қызметтер үшін 250 мың теңге төленді», – деді Ардагерлер ұйымының төрағасы.


Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерге қажеттілігіне қарай есту апараттары, протездік – ортопедиялық көмекші техникалық құралдар, санаторлық-курорттық жолдамалар жыл сайын берілген.
«9 мамыр күні облыс бойынша қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған шаралар өткізіледі. Даңқ Обелискілеріне гүл шоқтары қойылып, салтанатты жиындар ұйымдастырылады», – деді Ермек Әбілмәжінұлы.