Талдықорғанда Жеңіс күніне орай республикалық турнир ұйымдастырылады

2023-05-03


Биыл Жетісу облысында Отан қорғаушылар күнін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, 7 мамыр күні І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері әскерилері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер ардагерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтеді. Үздік әскерилер марапатталып, патриоттық әндерден концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Мади Шакенов пен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев баяндап берді.


«9 мамыр күні Жеңіс мерекесіне орай,  «Ер есімі – ел есінде» тақырыбында іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Даңқ» обелискіне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету шаралары өтеді. «Жастар» саябағында театрландырылған көрініс, Талдықорған гарнизоны әскери техникасы мен жабдықтарының көрмесі, Төтенше жағдайлар Департаментінің техника көрмесі, Оқушылар сарайы тәрбиеленушілерінің «Бейбітшілік әлемі» атты тақырыпта сурет көрмесі, әскери палаткада «Дала асханасы» ұйымдастырылатын болады», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы.
Баспасөз мәслихатында 9 мамырда Талдықорған ипподромында Ұлттық ат спорты түрлерінен «Жетісу жүйрігі» атты республикалық турнир өтетіні белгілі болды. Ат спорты бағдарламасына енген сәйгүліктер жарысының жалпы жүлде қоры 19 миллион теңге.
Сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай біржолғы материалдық көмек көрсетілмек. Оған бюджеттен Ұлы Отан соғысының 8 қатысушылары мен мүгедектеріне 1,5 миллион теңге бөлінді.
«Биыл жыл басынан облыс бойынша 8 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерінің ақысына өтемақы төлеуге, ай сайын 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем жүргізіліп отыр.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер қажеттіліктеріне қарай есту аппараттары, санаторлық-курорттық жолдамалар, қоларбалар, таяқшалар, протездік-ортопедиялық бұйымдар сияқты түрлі техникалық қосалқы және көмекші, гигиеналық құралдармен бірінші кезекте қамтылады», – деп қорытындылады Ермек Мизамбаев.