НҰР СЕБЕЛЕ, ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

2023-03.31


Күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасын еріткен, дүрия дүние жаңғырып, барша тіршілік атаулы үшін жаңа өмірдің басталғанын айғақтайтын Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз дүйім шығыс халқының кие тұтар ең ұлық мейрамы, жалпыхалықтық мереке.


Үйлерге қос шырақ жағылып, ыдыстар ернеуіне дейін ақпен: айран мен сүтпен немесе мөлдір бұлақ суымен толтырылады бұл күні...
        Дастарқанның басты асы – наурыз көже жеті түрлі дәнді тағамнан жасалып көпке тартылады бұл күні...
        «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады» деген сенімді бойларына ұялатқан жандардың жүздері жарқын болған бұл күні...
         Көл-көсір дастарқан басында абыз ақсақалдарымыз жастарға: Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын, - деп ақ тілекпен ақ баталарын берген бұл күні...
        Осындай дәстүрімізді дәріптеген, ұлттық ұлағаттарымызды ұлықтаған наурыз мейрамы ауданымыз аумағындағы елді-мекендердің бәрін тұтас қамтыды.
        Қуаныш пен шаттыққа толы мереке салтанаты орталық алаңда өткен игілікті шаралардан анық байқалды.
        Көктемнің күміс шуағымен нұрланған ғажайып табиғаттың сұлулығы көгілдір көктем әлеміне қанат қаға бебеулеген сырлы саз әлемінен астасып тұрған сәттегі салтанатта аудан әкімі Марат Рахымбердіұлы САҒЫМБЕК сөз алып, мерекеге жиналған жұртшылықты құттықтады.
        –Халықымыз талай ғасырлар бойы тойлап келе жатқан осы мейрам – баршамыз үшін ерекше қастерлі. Бұл Тәуелсіз еліміздегі өзара татулық пен келісімнің мерекесі. Сондықтан да, қазақстандықтар Наурыз мейрамын жыл сайын асыға күтеді, бір-біріне деген ең ізгі тілегін шат-шадыман шалқар көңілімен білдіреді,-деген аудан әкімі М.Сағымбек көпшілікке баянды бақыт, молшылық пен береке, ынтымағы мол ырыс тіледі.

Бұдан соң аудан әкімі Марат Сағымбек шырайлы шаттық үстінде еңбегімен елеулі болған аудан азаматтарының бір тобына Панфилов аудан әкімінің құттықтауын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келе жатқан, бүгінде мерейлі 80 жасқа толып отырған, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Нұрбосын Иманғалиевке, байланыс саласында ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет етіп, ауданның саяси қоғамдық өміріне араласып, 70 жасқа биік абыроймен жетіп отырған Акимжан Юсуповқа, салық саласында абыроймен еңбек етіп, бүгінгі күнге дейін ауданның шағын және орта бизнесінің өркендеуіне қомақты үлесін қосып отырған Анаргүл Сәрсебековаға, ауылшаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықса да, округтің қоғамдық жұмыстарына атсалысып келе жатқан Көктал ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, мерейлі 70 жасқа толып отырған Сайлау Солтанқұловқа, меценат Мұрат Тайырұлына табыстап, жүректен шыққан ізгі тілегін білдірді.
        Бұдан соң аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы тамашаланды. Сахналық көріністен бастау алған мейірім шаттығы әсем ән мен күмбірлі күйге ұласып, көпшілік қаз-қатар тігілген ақ шаңқай киіз үйлері мен ұлттық этномәдени орталықтарының берекелі де мерекелі дастархан мәзірінен дәм татты.
        Мерекелік шара барысында Жазиралы Жаркент жерінде мейірімділіктің, қайырымдылықтың мейрамы – Әз – Наурызды бар сән-салтанатымен атап өтуге атсалысып «Шебердің қолы алтын» атты ұлттық салт-дәстүр көрмесінде шеберлікпен танылған үздіктерді марапаттады.
       Мереке салтанаты ұлттық ойындар мен халықтық думанға ұласты.
       Жазиралы Жаркент қаласынан бастау алған Наурыз мейрамы басқа да елді-мекендер- де жалғасын тауып жатты.
    Бағдат  Бейсенқызы.
                           


Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4134510