Ескелді ауданын газдандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде

2023-04-05


Ескелді ауданын газдандыру жұмыстары барынша жүргізілуде. Өткен жылдың соңында 4 елді мекеннің 2115 абоненті газға қосылса, биылғы жылдың соңына дейін  6500-ден  астам абонент көгілдір отынға қосылмақ. Осы салада жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов Өңірлік коммуникациялар  алаңында айтты.


«Ескелді ауданында 33 елді мекен бар. Оның 28-ін 2026 жылға дейін газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бүгінде 4 ауылға тартылды, сондай-ақ, 6 ауылға тартылып жатыр. Атап айтсақ, Алдабергенов, Бақтыбай, Көкжазық, М. Байысов және Қаратал, Теректі ауылдары», – дейді спикер.
Бір абонентке газға қосылу 1 метр үшін 5200 теңге. Газ қазандығын орнату үйдің ауданына байланысты, 450-ден 650 мың теңгеге дейін. «Жетісу-ГазСервис» МКК  арқылы 10 айға бөліп төлеуге болады. Жеке тұлғалар үшін көгілдір отынның орташа бағасы 32,96, заңды тұлғалар үшін – 33,3 теңге.
2021 жылы Қарабұлақ, Өрқұсақ және Екпінді ауылдарын газдандыру толығымен аяқталды. Жүргізілген жұмыстардың арқасында 16 мыңнан астам адам газға қол жеткізе алады. Сырымбет ауылында нысан аяқталған жоқ. Мұндағы газдандыру деңгейі 7,4 пайызды құрады.  
Бақтыбай ауылын газдандыру 2021 жылы басталды. Екі жыл ішінде газ құбыры және газ тарату желілерін жүргізуге 800 млн теңге игерілді. Нысанды биылғы  жылдың  30  маусымына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Газ тарату желілерінің ұзындығы 90 км, бүгінде 80 шақырымы аяқталды.
Алдабергенов  ауылына келетін болсақ, «Газ Строй Компани» ЖШС-мен  789,2  млн теңгеге шарт жасалды. 2021-2022 жылдары 466,3 млн теңге игерілді. Нысанды  осы  жылдың  30  маусымына  дейін тапсыру жоспарлануда.
«2022 жылы Ескелді ауданындағы 4 елді мекенді газдандыруға республикалық бюджеттен 1,706 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары жалғасуда», - деді Елдос Тұрсынбайұлы.