Жетісу облысында ведомствоаралық «Бекет» әскери оқу-жаттығуының белсенді кезеңі өтеді

2023-04-04


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою, сондай-ақ ведомствоаралық үйлесімділікті нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында елімізде «Батыл Тойтарыс - 2023» оқу-жаттығуы өтеді.

5 сәуірде Жетісу облысында "Көктал" оқу полигонында "Батыл Тойтарыс" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі шеңберінде ведомствоаралық "Бекет" оқу-жаттығуы және ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелерімен тактикалық оқу-жаттығудың белсенді кезеңі өтеді.

Оқу-жаттығу барысында Десанттық-шабуылдау әскерлері, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ұлттық ұланның бөлімшелерімен бірлесе отырып таулы жағдайларда және елдімекенде ұрыс жүргізу іс-қимылдарын пысықтап, әр түрлі әдіспен десанттауды орындайды.

Қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, түрлі ведомстволық топтарды қолдануды ұйымдастыруда жаңа тәсілдер сынақтан өткізілетін болады.

Оқу-жаттығуға 2500-ден астам әскери қызметші және 900-ге жуық қару мен әскери техника бірлігі, соның ішінде армиялық, әскери-көліктік, майдан авиациясы және ұшқышсыз ұшу апараттары қатысады.