Жетісу өңірінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қалай жүзеге асырылады?

2023-01-16


Жетісу өңірінде бүгінде 31,5 пайыз немесе 1209 шақырым су құбыры желілері тозған. Одан бөлек, жылу желілерінің 47 пайызы, электр желілері мен жабдықтарының 70 пайыздан астамы да әбден ескірген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Данияр Ысқақов айтты. Спикердің мәліметінше, қазіргі уақытта тозығы жеткен желілерді қалпына келтіру бойынша бірқатар шаралар қолға алынуда. Баспасөз мәслихатына сонымен бірге табиғи монополияларды  реттеу  комитетінің  Жетісу облысы  бойынша  департаментінің басшысы Арман Сағымбеков те қатысты. Арман Әділханұлының айтуынша, өңірдегі электр, жылу және инженерлік желілердің тозуын азайтып,  қалпына келтіру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылған.

 

 Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында, тарифтерді жасанды тежеу электр жарығын сөндіруге, жазатайым оқиғаларға, соның салдарынан азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты жылжымайтын мүлік иелерінің есебінен салаға инвестиция тартуды, табиғи монополиялар саласындағы жұмыскерлердің еңбекақысының деңгейін арттыруды, табиғи монополиялар саласына озық инновацияларды енгізуді ынталандыру арқылы одан әрі реттеуді көздейді. Сондай-ақ  бағдарлама электр, жылу желілері мен құбырлардың тозуын азайтуға көп көмегін тигізбек.

«Бағдарлама арқылы электрмен жабдықтау желілерінің, су құбыры желілерінің жылу коммуникацияларының тозу көрсеткішін кезең-кезеңмен орта есеппен 15 пайызға төмендету көзделген. Сонымен қатар кәсіпорындарда инновациялық шешімдерді енгізу мен жабдықтарды жаңғырту үшін пәрменді ынталандыру қарастырылған. Кросс-субсидиялаудан кезең-кезеңімен бас тарту, табыстың белгілі бір үлесін монополист иелігінде сақтау міндеттері жүзеге асады», - дейді департамент басшысы.  

Спикер тариф мәселесіне де тоқталды. Тариф көтеру бағытында тұрғындардың жағдайы назарға алынатынын, халыққа ауыртпалық түсірмеу жағы ескерілетінін жеткізді. Жалпы жоспарланған жұмыстар 2030 жылға дейін кезең-кезеңмен іске асырылмақ.

«Коммуналдық тарифтер көптеген факторларға тәуелді. Тарифтердің деңгейі отынның (газ, көмір, мазут), жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, жөндеу жұмыстарына да байланысты белгіленеді.

Ал, электр энергиясының бағасы шекті бағаның өсуіне тікелей қатысты.  Сол сияқты сумен жабдықтау және кәріз құбырларына қызмет көрсету бағасы электр энергиясының құнының өсуі мен жөндеуге кететін шығындардың артуына байланысты өзгеріп тұрады.  Бұдан басқа тарифке сумен жабдықтау жүйесін қайта құру мен жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды іске асыру да әсер етті» ,- дейді департамент басшысы Арман Сағымбеков.

Спикердің мәліметінше, отын құнының өсуі жылу тарифінің көтерілуіне алып келеді. «Ал газ құны мен газ тасымалдау тарифінің өсуі бұл газбен жабдықтаудағы қызмет көрсету бағасының өсуіне тікелей  әсер етеді», -  деп қорытындылады Арман Сағымбеков.

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4130551