Өңіріміздегі агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамуда

2022-05-23


             Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан күннен бастап елімізде ауыл шаруашылығын барынша дамыту үшін кемел жұмыстар атқарыла бастады. Себебі, ауыл – қазақ рухының темірқазығы. Бұл саланы дамыту арқылы ел халқының хал-ахуалын жақсартарымыз анық.

            Егемендігімізді еншілеп, тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесінде еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен бағындырған белестері аз емес. Кез келген саланы алып қарасақ та барлық жағынан тек өсім мен өркендеу бар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын ерекше атап өткен орынды. Мәселен, тоқсаныншы жылдарға кері шегінер болсақ, ел басында біраз қиындықтар орын алғаны белгілі. Бұрынғы колхоз-совхоздар тарап, ел нарықтық экономикаға көшті. Нарықтық қатынастардың алғашқы кезеңінде мал басы кеміді. Суармалы жердің көлемі азайды. Жалға берілген үлестік жерлер игерусіз қалды. Десек те мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына жүргізілген реформалар мен тікелей көмектердің арқасында елдің агроөндірістік кешені бірте-бірте еңсесін тіктеді.

            Ауыл шаруашылығы – мемлекеттің дамуына серпін беретін бағыттардың бірі. Мемлекетімізде ауылшаруашылығын дамыту үшін табиғи және адам ресурстары жеткілікті. Қазақстандағы жерлердің жалпы аумағы 272 млн гектар, оның 215 млн гектары – ауылшаруашылық алқаптарына тиесілі. Бұл әлемдік ресурстардың 4 пайызын құрайды. Еліміз – ауылшаруашылық өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын дамыта алатын елдердің қатарында. Біздің өңірімізде де ауыл шаруашылығын қолдау мен дамыту тұрғысында қарқынды жұмыс атқарылуда. Өңірдің экономикасын арттыруға өзіндік ауқымды үлесін қосып келе жатқан әрі бүгінде ауы шаруашылығын дамыту бағытында елеулі жұмыстарды атқарып келе жатқан «Көктал Агро» ЖШС айтуға болады.

            Қазіргі таңда осы іргелі кәсіпорынды Қазақстан Республикасына 25 жыл мерекелік медалінің, Алматы облысы әкімі (бұрынғы) А.Баталовтың «Құрмет грамотасының» иегері Оханов Жәнібек Мұхатайұлы басшылық етеді. Алакөл ауданының тумасы Ж.Мұхатайұлы 1979 жылы Киров атындағы орта мектепке барған. 1989 жылы мектепті үздік тәмамдап, 1990-1992 РФ Киров облысы, Кирово-Чепецк қаласында әскери қызметінде болған. 1992-1993 жылдары Алматыгорстройда жұмыс істейді. 1994 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Экономика және менеджмент» факультетіне түсіп, 1999 жылы оқу орнын бітірген. 2000-2006 жылдары аграрлық салада әртүрлі қызметтері атқарған. 2007 жылдан бастап осы уақытқа дейін ЖШС «Көктал-Агро» мекемесінде басшылық қызметті атқаруда.

            Ендеше, ауыл шаруашылығының дамуына айшықты үлес қосып отырған осынау ірі кәсіпорын туралы және оның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтпақпыз.

            «Көктал-Агро» ЖШС 2004 жылы ауылшаруашылық дақылдарды өсіру арқылы тұқым шаруашылығына көшу мақсатында құрылған болатын. 2020 жылы 1150 басқа арналған тауарлы сүт өндіру фермасын салды. Осы тауарлы сүт фермасын салуға, оған қажетті құрал-жабдықтар алуға және асыл тұқымды сүтті бағыттағы малдарды шет елдерден әкелуге барлығы 3 млрд теңге инвестиция тартылған. «Көктал-Агро» ЖШС Израиль мемлекетінің жаңа технологиясын пайдалана отырып, суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісімен 300 гектар жүгері, 300 гектар көпжылдық шөп алқабы суарылып, мол өнім алынуда

            Қазіргі уақытта Австрия елінен 950 бас ірі қара сатып әкелініп, күніне 450 сиыр сауылып, 11 тонна сүт өңдеуге жіберіліп, 400 литр сүт ауыл тұрғындарына берілуде. Бүгінгі күні «Көктал-Агро» ЖШС 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Биылғы жылға 160 бас сауынды сиыр әкелініп, қосымша 15 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Израильдік  «Mezzerplast» компаниясымен бірігіп 300 га жер алқабына жүгеріні тамшылату әдісімен суаруға және инновациялық технологияның арқасында 16-20 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіншілік жасалынды. Сонымен қатар, 300 га италиялық жоңышқа тұқымы егіліп, Zimmatik маркалы американдық құрылғы арқылы тамшылатып суару әдісімен суарылып мол өнімге қол жеткізілуде.

            Аталмыш өндіріс орны ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысады. «Көктал-Агро» компаниясының 1109 гектардан астам жері болса, оның 1062-сі жүгері егетін суармалы жерлер. Алғаш құрылған жылдан бастап Қазақстан Республикасының барлық заңдарын қатаң сақтап жұмыс істеуде. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде. Президентіміз Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» азаматтардың әл-ауқатын арттыруға  және жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлетінін атап өткен болатын. Осы бағытта компания өңірдегі агроөнеркәсіп кешені саласындағы ең ірі және сенімді жұмыс берушілердің бірі ретінде нық сеніммен атап өтуге болады. Бүгінгі таңда компанияда 150-ден астам адам жұмыс істейді.

            Бірнеше жылдардан бері Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе топырақтың сапасын жақсарту мақсатында аянбай еңбек етіп, тамшылатып суарудың заманауи технологияларын қолданып, кәсіпорынның өндірістік-техникалық базасын үнемі жаңартып отыруды әдетке айналдырған. Бүгінде 300 гектар егіс алқабына тамшылатып суару әдісін енгізуді бастаған. Алдағы уақытта оны 1062 гектарға жеткізу де жоспарда бар екенін кәсіпорын қызметкерлері атап өтті.

            Таяу жылдары 1150 басқа арналған сүт фермасын іске қосқан. Ферманың әлеуметтік мәні жоғары. Атап айтқанда, ауыл тұрғындары арзандатылған бағамен (200 теңге) күн сайын бізден 100 литр сүт сатып алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, бізө жергілікті кәсіпкерлерді қолдаймыз. Мәселен, біздің шаруашылықтың арқасында бір отбасы отбасылық кәсіп ашты. Олар бізден күніне 300 литр сатып алады да одан қаймақ, айран, сары май, сүзбе және басқа да өнімдер жасап сатады. Кәсіпорын қызметкердері үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жай сөз емес. Бірнеше жылдан бері Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне, аз қамтылған отбасыларға, жергілікті мектепке, мүгедектерге және халықтың басқа да көмекке мұқтаж жандарға тұрақты түрде қаржылай және материалдық қолдау көрсетіп келеді.

            Сондай-ақ іргелі кәсіпорын тамшылатып суғару әдісін пайдаланып, көптеген жетістіктерге де қол жеткізді. Бұл туралы кәсіпорын басшысы Ж.Мұхатайұлы айтып өткен болатын. Мәселен, ол сөзінде: «Тамшылатып суғару әдісінің пайдасы орасан зор кен. Өткен жылдарда біз оған анық көз жеткіздік. Суды аз жұмсап, өнімді артық алуды білдік. Бұрын біз алқапты суғару үшін секундына 700 литрге дейін су пайдаланатынбыз. Жаңа әдісті қолданғаннан кейін бұл шығын 100 литрге дейін азайды. Есесіне, өнім көлемі 2-3 есеге көбейді. Басқа шаруалар жүгерінің гектарынан 7,8 тоннадан алғанда, біздің әр гектардан орған жүгеріміз 18 бен 20 тоннаның арасында болды»-деп атап өткен болатын.

            Ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану – уақыт талабы. Бұл кәсіпорындағы өнім көлемін арттыруға және табиғи ресурстарды едәуір үнемдеуге мүмкіндік беретіні белгілі. Сөзімізді «Көктал-Агро» серіктестігі анық дәлелдей алды деп атап өтуге болады.

            Өз тілшіміз.