ДАНАЛЫҚТЫ ІЗДЕСЕҢ, АБАЙДЫ ОҚЫ ЕРІНБЕ!

13.08.2021ж

Өткен жылдың 4 тамызында Үкіметтің арнайы қаулысымен «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі «Абай күні – 10 тамыз» деген тармақпен толықтырылып, тұғырлы тұлғаның есімі қайта жаңғыруына негіз қаланған болатын.


Президентіміз атап өткендей: «Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені, Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абай танудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс». Шындығында Абай тағылымына тағзым ету – рухани жаңғырудың үлкен кезеңінің бірі болмақ. «Адам баласына адам баласының бәрі дос» деген Абай – бір ұлттың шеңберінде қалмай, адамзаттың рухани биігіне көтеріліп, ізгілік пен данышпандықтың үлгісін көрсеткен ұлы тұлға.
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Көңілден кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі,- екендігін айтып кеткен рухани реформатор Абай атамыздың осы бір өсиеті әркімге адастырмас темірқазықтай жарқырай бермек. Оның бөтен сөзбен былғамай, сөз патшасы-өлеңнен қиыннан қиыстырған асыл сөздері көптеген ұрпақтың жазушылары мен ақындарына үлкен әсерін тигізіп, үлгі бола алды. Қазақ поэзиясының кемеңгер тұлғасы Абайдың мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады.
Артына өшпес сөз қалдырған ойшыл данышпан ақынның жүрек түкпірін тербеген озық туындылары қазақ халқымен бірге мәңгілік жасай бермек.
(Өз тілшіміз).