Өнерін өмірімен байланыстырып, қылқаламын ұштаған суретші

18.06.2021ж

Әр адамның сырға толы жүрек түкпірінде қаншама армандар мен мақсат-мұраттар бар десеңізші! Осы ғажайып сандықтың ең түбінде кейде жарық жұлдыздай алға шоқ етіп шығатын ӨНЕР атты керемет бар. Осы керемет адамды сан тараулы жолдарға жетелеп, ой түбінде жатқан қиялды, толғанысты сыртқа шығаруға себепші болады.

 

Өнер кеудеге сыймай бұлқынып, жаратылыстың тек жарқын тұстарын жүрекпен сездіріп, қиял әлемін бөлек түрмен танытып, көңілді мың құбылтып барып ғажап бір құдіретпен дүниеге келеді. Ол – өлең, ол – шығарма, ол – мүсін, ол – сурет, ол – әуен. Бұл ғажаптар шабыт дейтін көңілдің аласапыран күйінен туындайды. Өнерлі кісі ғалам мен адам арасындағы алшақтықты жақындатып, сол бір жұмбаққа толы нәзік байланысты сезініп, сезіндіреді.
Жуырда ауданымыздағы «Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясында» осындай өнер атты теңізде қайықтың ескегін ұстаған, әрдайым ізденіспен қылқаламын ұштаған, жүрегі кең, көңілі дархан егіз өнер иесі, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Көркемөнер академиясының корреспондент мүшесі, суретші Ақан Оймауытовтың 70 жастық мерейлі тойына арналған көрме өтті. «Қылқаламын ұштаған» тақырыбындағы жеке шығармашылық көрмеде Ақан атаның әртүрлі туындылары қойылып, көрерменнің көңіліне жол тартты.
Жоғарғы деңгейде өткен көрмеге аудандық мәдениет бөлімі, «Nur Otan» партиясы, жастар ресурстық орталығынан мамандар және тағы басқа көптеген қонақтар қатысып, қылқалам шеберіне жылы лебіздерін білдіріп, мерейлі мерекесімен құттықтады.
Танымал тұлғаларды қай кезде болмасын алдымен өз туған жері, елі құрметтеп, мақтан тұтады. Сол секілді Ақан атаны қолдап, осынау қуанышына ортақтасып Үлкеншыған ауылдық округі әкімінің орынбасары Райханбүбі Хакимжанқызы, Үлкеншыған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Ләззат Қуатханқызы, Үлкеншыған ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлдана Нұрғалиқызы келіп, ақжарма тілектерін айтып, ізгі лебіздерін білдірді. Бір айта кетерлігі, Ақан атаның сәуір айында өткен 70 жылдық мерекесі қарсаңында «70 жылдыққа 70 сурет» жобасы аясында Үлкеншыған ауылдық кітапханасының әлеуметтік парақшасында қылқалам шеберінің 70 суреті салынып, көпшілік қауымға таныстырылған екен.
Аталмыш көрмеде аудандық мәслихат депутаты, жастар ресурстық орталығының маманы Алмаз Батырхан, аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері Нұржан Тұрғамбек, Садыр ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қымбат Кулыбекова, Садыр ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері Бақытгүл Тұңғышбаева, суретші Күлшира Азатқызы, галерея меңгерушісі Берік Абылханов сөз сөйлеп, Ақан атаның әрбір туындысына деген жылы лебіздерін білдіріп, өнері өрге жүзген танымал суретшіні айтулы мерекесімен құттықтады. Өз кезегінде галереяның меңгерушісі Б.Абылханов ұжым атынан Ақан атаға гүл шоқтарын табыс етті. Суретші Күлшира Азатқызы шәкірт ретінде Ақан атаға өз қылқаламынан туындаған суретін сыйлады. Бұл туындыда Үрімшіге бара жатқан кездегі бір саябақта отырып ойға шомған Ақан Оймауытов бейнеленген. Иә, шәкірті сол бір ойға шомған сәтті қылқалам құдіретімен көркем суретке айналдыра білген екен. Бұл ерекше туынды сол күні-ақ бірден көрменің төрінен орын алды.
Расында, өнердің өрінен ойып тұрып орын алатын Ақан ата қандай құрметке болсын лайық! Қылқалам шеберінің өнердегі өмірі, еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, үлкен тағылым мектебі іспеттес. Ақан атаның әрбір туындысында өткен күннің бір белгісі мен бүгінгінің байланысы ұштасып жатқандай. Әрбір туындының өз айтары мен өз сыры бар. Көрмеде қойылған суреттерге қарап отырып, тарихтың тереңіне бір үңіліп шығасың. Одан кейін бүгінгі күнді ойлап біраз толғанысқа түсетінің де жасырын емес. «Живопись ешқашан аяқталмайды, ал аяқталған шығарма живопись емес» демекші, Ақан атаның тарихтан сыр шертетін осынау туындылары бүгінгі ұрпаққа ой тастап, осы суретті әрі қарай өзің жалғастыр деп тұрғандай. Тарихыңды зерделей отырып, келешегіңе дұрыс жол таңда, ата-бабаның маңдай тері, өлшеусіз еңбегімен келген осы азат күнді бағалай біл, сендер де ертеңгі ұрпақ өздеріңмен мақтанатындай дәрежеде өмір сүруге тиіссіңдер дегісі келетіндей. Бұл — әлі қанаты қатпаған жас журналистің жеке ойы. Мүмкін, Ақан атамен сұхбаттасып, әр туынды тарихын сұраған кезде, мүлде басқаша да ой айтылар. Кім білсін...
Жоғарыда әр туындының өзіндік айтар ойы, терең сыры бар дедік қой. Ал бұл туындылардың әрқайсысын дайындау үшін қаншама еңбек, қажыр-қайрат, күш кетіп, қаншама тер төгілді десеңізші! Осындай ерекше тарихи мың шығарманың көрмеде тек 30-ы ғана қойылды дейді. Ал біз осы отызының өзінен қаншама ақпарат ала алдық. Сонда қалған туындылардағы айтар ой, қозғалар тақырып тіптен ерек шығар.
Осындай танымал суретшінің тек қылқалам шебері ғана емес, тастан да, ағаштан да түрлі мүсін жасайтын ерекше дарын иесі екендігін де айта кеткен жөн. Сол себепті де халық Ақан атаны «егіз өнер иесі» деп те атайды. Айтса, айтқандай-ақ, суретшілік өнермен қатар, тас қашап, ағаш жону — мыңның бірінің қолынан келе бермейтін іс. Себебі, оған үлкен қажыр-қайрат, мұқалмас жігер мен шыдам, төзім қажет. Ал мұндай қайтпас қайсарлық пен мұқалмас жігер Ақан атаның бойынан өзінен-өзі-ақ табылады. Өйткені ол кісі — өз ісін ерекше жақсы көретін жандардың бірі.
Керемет әсер қалдырған аталмыш көрмеде Ақан атаның тек қылқаламынан туындаған шығармаларын ғана емес, тастан, ағаштан жасалған ерекше туындыларын да көруге болады. Әр шығармадағы ойлардың сан тарауға жетелейтіні соншалық, көрмені бір-екі сағат аралаудың өзі жеткіліксіз секілді. Көрменің екі-үш ай мезгілінде, яғни жаз бойы «Ә.Қастеевтің көркемсурет галереясында» тұратындығы көңіл қуантады. Ақан атаның ерекше туындыларын тамашалап, өнер әлеміне саяхат жасағысы келетін кез келген жанға галереяның есігі әрдайым ашық. Жастарға, бүгінгі ұрпаққа осындай ерекше туындылармен танысуға мүмкіндік сыйлаған Ақан Оймауытовқа да, галерея ұжымына да көптен көп алғыс айтамыз! Әрдайым жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Биыл сәуірдің 12-сі күні Ақан атамыз мерейлі 70 жасқа толды. Редакция ұжымы атынан жүрегі жомарт, көңілі дархан, мінезі ақжарқын қылқалам шеберін осы мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейміз! Сіз бағындырар белестер, сізді үлгі тұтар шәкірттеріңіз көп болсын!
Балерке Кеңесбай.