Алдағы міндеттер айқындалды

2023-01-25


            Жуырда аудандық Мәдениет үйінде өңірдегі қоғамдық-әлеуметтік ахуал туралы жиын өтті. Басқосудың негізгі мақсаты өңіріміздің ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері және жастар мен түрлі мекеме басшылары, сондай-ақ ауданымыздың барлық сала мамандарының қатысуымен осы жылға жоспар құрып, өткен жылғы жұмыстармен және ондағы кемшіліктерді саралау мақсатында өтті

.

             Келелі басқосудың алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Марат Сағымбек алып, өңіріміздегі қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысқан азаматтарға «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттар»,  сондай-ақ төс белгілер табыс етіп, алдағы жылда да ауданымыздың қоғамдық жұмысына белсене атсалысып, жас буын өкілдеріне үлгі болып, жүре берулеріне тілектестік білдірді.
             Сонымен қатар, аудан әкімі ауданымызда жүргізілген жұмыстар, жетістіктер мен кемшіліктер туралы өз баяндамасын оқыды.     Баяндамада айтылғандай өңірімізде    осы заманғы  озық  үлгідегі үш бірдей  мектеп және онға жуық спорт кешені, сауда  орны, ауыл мен қала  арасындағы маңызды жолдар және ауданымызға қарасты елді мекендердегі   көшелер  асфальт- талды. Сондай-ақ, осы жасалып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.  Сонымен қатар, аудан әкімі осы жылы жоспарланып отырған жоспармен бөлісіп, басқосуға жиналған зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлерін тыңдады.

             Жиын барысында аудан әкімі өз баяндамасында жасөспірімдердің тәртібіне жеке тоқталып, ондағы мәселелерді сараптады және халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген ұлағат бар. Ұрпақты құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған әрі тәрбие беру жолында еш аянып қалған емес. Яғни, сәбидің болашағы алған тәрбиесіне тікелей қатысты екенін ескеріп, оған ұлттық сипат беру - ұлт болашағын ойлаудан туған даналық екендігін де мәлімдеді. Сонымен қатар, өткен жылы өңірімізде болған келеңсіз жағдайларға жеке тоқталып, бала тәрбиелеу саласында жұмыс жасап жүрген мамандарға әр баланың іс-әрекеті, мінез-құлқы, тәрбиесіне бей-жай қалдырмау керектігін және әр ұлт баласы ұлтына, қойылған атына, өз затына сай болса саналы ата-ана үшін бала тәрбиесінен артық маңызды шаруа жоқ екендігін мәлімдеді. Осы ретте Көктал ауылдық округінің ақсақалы Сайлау Солтанқұлов өз сөзінде «Батысқа еліктеу батпаққа бату дегенді білдіреді. Оқушы балаларымыздың ұялы телефоннан және әлеуметтік желіден бастарын алмай жанындағы адамдарды байқамайтын халге жеткендігі қынжылтады»-деп өзінің ой-пікірін білдірді.
    Бала тәрбиесінің күрт төмендеуінің басты себептердің бірі ретінде жоғарыда айтып өткендей пайдалы ақпаратпен қатар зиянды ақпаратты да қамтыған ғаламтордың қолжетімділігін айтуға болады. Теледидар мен ғаламтор – баланың бүгінгінің тәрбиешісіне айналды. Ақ пен қараны айыра алмайтын жасөспірімдердің теледидар мен ғаламторға таңылып, зиянды ақпаратты еш сүзгіден өткізбей қабылдауы баланың дүниетанымына, психологиясына, тәрбиесіне кері әсерін тигізуде екені бәрімізге мәлім. Сондықтан да, әр отбасы, мектеп бала тәрбиесіне және ата-аналар баласының қандай ортамен араласатына терең үңіліп жұмыс жүргізсе оң шешім болатыны сөзсіз.
                     Мұнан соң, аудандық   білім бөлімінің басшысы Тұрар Қастеев, аудандық  ардагерлер ұйымының  төрағасы Т.Керімқұлов, аудан имамы С.Шәріп сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салып, аудандағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайды жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
                 Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі аталған мәселелердің барлығын қарап шығып, аудан әкімдігіне қарасты мекемелер мен тиісті құзырлы мекемелерге, қала және округ әкімдеріне құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.
                   Сонымен қатар қала және округ әкімдері барлық әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарын үнемі назарда ұстап, желіге шыққан тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына тез арада, уақтылы, тиянақты жауап беруін  қадағалауы тиіс, — деп аудан басшысы атап өтті.
                  Қала және округ әкімдерінің негізгі жұмыстары өз өңірлеріндегі барлық қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, дер кезінде тиісті шараларды жүргізуі тиістігі баса айтылды.
                Сондай-ақ, ауданымыздағы кейбір мәселелерді уақтылы қарап, оған қоғам өкілдерін тарта отырып, жұмыс жүргізу тапсырылды. Басты мақсат - әрбір қала, округ әкімдері, басқарма басшылары  қоғам өкілдері, БАҚ журналистерімен тығыз байланыс орнатып, халықтың кез келген мәселесіне көңіл бөліп, мұң-мұқтажын бірге шешу қажеттігі баса ескертілді.
                                                                                                                                                            C.Әбдіреш.