Ақындығы азаматтығымен астасқан

16.04.2021ж

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ қалам ұстап, жазу-сызуға әуес болып өскендіктен бе, ат жалын тартып азамат атанғаннан кейін де араласатын ортамыз шығармашылық ордаға қарай ойысты. Әдебиет әлемінде әуелеп кетпесек те, журналистика жанрында жалау ұстаған жампоздардың жанында жүріп, бұл жалғанның біраз сүрлеу-соқпақтарын жол қылып келе жатқан жағдайымыз бар.

 

                 Баспасөз саласы болған соң аралас-құраластығымыз жарасқан жандардың дені де - ақын-жазушы, тілші-суретші, әнші-күйші... бір сөзбен айтқанда, шығармашылықпен шұғылданатындар. Олар да – пенде. Мінез-құлықтары – әр қилы. Күнделікті күйбең тірліктегі қарекеттері де сан алуан. Шығармашылық қарым-қабілеттері де әр деңгейде. Бірақ, олардың осынау болмыс-бітімдерін оң-солымды тани бастағалы мен ең алдымен  төмендегідей бір ұстаныммен бағалауға  дағдыланғанмын:       Некрасовша айтқанда  «Ақын болу – өз еркің, азамат болу – парызың!»

                Бүгінгі таңда жетпіс жастың желкенін керіп, ақын-жазушылық пен тілшіліктің тізгінін тең ұстау арқылы өкшебасар ізбасарларына ірілік пен зиялылықтың  үлгісін танытып келе жатқан Нұрахмет Мырзалимұлы Ахметов осы ой-тұжырымның  биігінен көрінген азамат. «Азамат» деп тегіннен-тегін  айтып отырған жоқпыз. Оның ақындығы мен  журналистік шеберлігіне тек ұйғыр ұлтының оқырмандары ғана емес, жазиралы Жаркент жеріндегі қазақ бауырларының қалам қасиетін қадірлейтін өкілдері де түгел тәнті. Қазақ, ұйғыр, орыс тілдерінде шығатын аудандық газеттен     бастап, облыстық, республикалық, тіпті,  мемлекетаралық басылымдарда жарық көрген жарияланымдары, әр жылдары әр алуан баспадан шыққан бірнеше  жыр жинағы – осыған дәлел. Бұл туындыларына  қарапайым оқырмандардан бастап, мүйізі қарағайдай әдебиет сыншыларының  берген жоғары бағалары  оның  шығармаларының шоқтығын тіптен биіктете түседі.

                Нүкеңнің осынау қаламгерлік қарым-қабілетіне әріптес серігі ретінде мен де әрдайым  марқайып, қуанып жүремін. Оған қоса  қарапайым кісілік келбеті мен азаматтық абыройына қашан да  құрметпен қарайтынымды қайталап айтудан еш жалықпаймын.

                Әдетте, әр нәрсені   салыстыру арқылы ғана айқын сараптап, ара-жігін ажырата аласың ғой. «Қаламгермін» деп кеуде қаққан талайлардың күнделікті өмірдегі күйбең тірлігін, өздерінің пендауи күйкі пиғылынан аса алмай жүретін пасықтау майда қылығын көргенде Нұрахметтей шайырдың шырайы көз алдымда шыққан күндей жарқырап сала береді. Жүрегін жарып шыққан жырларының бірінде жазғанындай: «Үрімшіден ұшып шыққан ұшағымыз Вашингтонға тікелей барып қонатындай күн туса...» дегендей сарындағы ұлттық ой-арманының биігінен үн қатқан оның өлеңдері қашан да өршілдігімен өзгешеленеді.           «Тауда  бұғының тұяғы тасқа тисе, ойда сиырдың мүйізі сырқырайды» демекші, қай жерде, қай елде болмасын туған ұлтының көңіліне кірбің келетіндей оқиға орын алса, оның өлеңін де сондай көлеңке көлегелейді...

                «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу сыздаған сансыз жараның» деп қазақтың қайсар ақындарының бірі айтқандай осындай ой заңғарынан сөз саптайтын  Нүкең  күнделікті  өмірде   де кісілік кейпіне ешқашан кір жұқтырмай келе жатқанына оны танып-білген қырық жылдан астам уақыттан бері көзіміз анық жеткен. Бір сөзді. Жалтаруға, жағымпаздануға жаны қас. Кейбіреулер тәрізді ұсақ-түйекті терміштеп, төмендей бермейді. Барды - бар, жоқты - жоқ деп бірден айту – ежелгі әдеті. Осынау бекзаттық, құрдастары әзіл-шыны аралас айтатынындай «князьдік» қалпы жазған-сызғандарынан да  анық аңғарылып тұрады. Сондықтан да болу керек, өлеңдері де, журналистік      жарияланымдары да жұртшылықты елең еткізбей қоймайды. Жырлары жоғары бағаланып, кезінде «Илья Бахтия атындағы сыйлықтың         лауреаты»  атануы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтуі, аудандық газеттің қатардағы тілшілігінен – бас редактордың орынбасарлығына көтерілуі, одан кейін «Ұйғыр авази» сияқты республикааралық ірі басылымның меншікті тілшілігіне  тағайындалуы да -  осындай тума талантының, турашыл тұрпатының тегеурінінен.

                Осы арада еріксіз еске түседі: осыдан тура қырық жыл бұрын мен сол кездегі аудандық «Жаңалық жаршысы» газетіне дәл 5 мамыр - Баспасөз күні корректор болып орналасқан едім. Арада он шақты күн өткенде ол да газеттің ұйғырша нұсқасы - «Йеңилик авазиға»  тілші болып келді. Сүйікті газет редакциясының табалдырығын алғаш рет қызметкер ретінде қатар аттағаннан  ба, азамат ретіндегі араластығымыз да артып, қаламгерлік өміріміз де қатар өрістеді. Сәл кейінірек жұбайы, марқұм Розигул әдәмыз да редакцияға қызметке орналасты. Қатар жүзген қос аққудай қолтықтасып, қаламыздағы Жаркент көшесін бойлай жоғарылап жұмысқа келе жатқан оларға талай жұрттың тамсана, сүйсіне қарағанын көрген едік. Амал қанша, ол күндер де өтті. Тұрған Тазабеков, Әділжан Сегізбаев, Павел Иванович Костин, Жақып Заманбеков, Рай Омашев, Сейітқазы Бақберов, Абдрахман Барами, тағы басқа да жаркенттік ақын-жазушы, баспагер бауырларымызбен бірге өткізген қызыққа толы кездеріміз де көңілде тек тәтті естелік  болып қалды.

                Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында  «Баһар нахшилири» деген тұңғыш жыр жинағын Алматыдан   Жаркентке  алғаш  арнайы  алып кеп, оны қатты қуантқаным әлі күнге дейін жадымда. Одан кейін тонның ішкі бауындай  тілектес-ниеттес бір топ қаламдастар арқа-жарқа «алақайлап», автордан арман «шаттанғанымыз» да еміс-еміс  есте...

                1993 жылы шілде айында атақты  Орбұлақ шайқасындағы Ұлы Жеңістің 350 жылдығы атап өтілгені  баршаға мәлім. Осы торқалы той қарсаңында тарихи орынмен жете танысу үшін аудандық газеттің бас редакторы ретінде бір топ тілшіні бастап Белжайлауға  барған едік.  «Қазақтың жайлауын көр» деп, Нұрахметті де ала кеткенбіз.

                Тамаша тау көрінісі. Саф ауа. Тап-таза мөлдір бұлақтар. Жап-жасыл жоталар. Қызылды-жасылды гүлдер көмкерген бөктерлер... Қысқасы, айналадағы табиғат сұлулығынан көз тұнады. Сонда табан астында тосын сөздерді төге салуға шебер шайырдың: «Е-е, қазақ бауырларды енді түсіндім. Тойды неге таудың басына апарып, «тығып жасайды» десем... Осындай кереметі бар екен ғой» деп «тамсана» айтқан тапқыр сөзі ел арасына лезде  тарап кеткен.

                Осылайша қаламгерлік қарекет барысында  талай-талай қызықты кездерді бастан бірге кешкен Нүкең биыл жетпіс жастың биігіне жетіп отыр екен. Осынау   асуы аласармасын, жасына жас қосылған сайын абыройы да артып, шығармашылық шабыты да шалқи берсін!

Нұр ӘДІЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Күнтізбе

« Тамыз 2022 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2737137