Жерлесіміз отбасылық байқауда топ жарды

13.03.2021ж
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп халқымыз бекер айтпаған. Қай мамандық иесі болмасын, әуелі ұстаз тағылымын алады. Сол себепті болар, ұстаз – ұлы қызмет.
Осы ұлы қызметті ауырсынбай арқалап жүрген ұстаздарымыздың бірі - «Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Көбенбаева жуырда "Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы" қоғамдық бірлестігінің 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастыруымен өткен "Ақылшы ене, ибалы келін" атты отбасылық байқауында топ жарып, І дәрежелі Дипломға ие болды.
Бұл сайыстың мақсаты ата-енесі де зейнеткер ұстаздар болуы керек болды. Жарыстың бір артықшылығы да сол. Міне, осы шарттардың бәріне сәйкес келіп, сыннан сүрінбей өткен Сандуғаш біздің үмітімізді ақтап, байқауда бірінші орынды алды. Бұл ретте С.Көбенбаеваның ата-енесі де көп жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарғанын айта кеткен жөн.
Сандуғаштың қайын атасы Болатбай Көбенбаев зейнеткер-ұстаз, Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінде 40 жыл жұмыс істеген. Ал қайын енесі Үміт Таңатарқызы болса қара шаңырақ білім ордасы Алтынсарин мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып 40 жыл қызмет атқарған зейнеткер-ұстаз.
Жас шәкірттің бойына тәлім мен тәрбие қалыптастырып, өмірлік бағыттарын дұрыс таңдауына көмектесіп келе жатқан Сандуғаш Көбенбаеваны осы жеңісімен құттықтаймыз! Әрқашан алар асуларыңыз көп болып, мектеп мерейін үнемі үстем етіп жүре беріңіз!
«Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп»
коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің ұжымы.