Ана - шуақ, ана - мейірім

05.03.2021ж

Ана - адамзаттың нағыз ардақтысы. Иә, шынында да «Ана» деген үш әріптің астарында тұғыры биік тұлғалық бейне тұр. Қай кезде де халқымыз «Алып анадан туады» деп ардақты ана, аяулы жар,  қамқор қарындастың қадірін білді.  Нәзік жанды әйел баласын ары мен намысына балады.

    Ана - шуақ, мейірім. Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел - өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Ана атты алып     ұғыммен       байланысты Отан-Ана, Жер-Ана, Табиғат-Ана секілді ең асыл атаулармен қосарлана айтылуының өзі  бұл  есімді барынша  ұлықтай  түседі.

                Әйел-ана - өмірдің гүлі, әлемнің нұры саналады емес пе?! Ол жайлы сөз бастағанда, тілмен айтып жеткісіз  бір сезім тұла бойымды кернеп өтеді.

                Анаң сені қаршадай кезіңнен түн ұйқысын төрт бөліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аялап өсіріп аяғыңнан тік тұрғызды. Баланың қиындығынан жалықпайды, керісінше, перзентінің аман-сау өсіп жетілуін жан-тәнімен қалайды.

                Халқымыздың байырғы ұғымында баланың анасы алдындағы парызын өтеуі «ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық: ана сүтін  анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де өтей алмайсың деп түсіндіреді.

                Ислам жолында Ананы  бәрінен  артық   ардақтауды талап етеді. Мына бес күн жалған дүниенің әр күнінде ана ризашылығына бөлену  үлкен сауап болып табылады екен.

                Аналардың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті, олардың бар тілеуі балаға бағышталған, оның амандығын, үрім-бұтақты, бай-қуатты, атақты, абыройлы болуын тілейді. Өздерінің әл-қуаты кетіп қартайғанда сол баласынан қайырым көріп, мейіріммен өссе екен деп тілейді.

                Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ: «Ана -  өмір тірегі, оның жүрегі». Күллі әлемде ананың балаға, баланың анаға деген махаббаты       таусылмаса, өмір құлпырған үстіне  құлпыра  түсер  еді...

Бағдат   Бейсенқызы.