Біз – тәуелсіз елдің ұланымыз!

26.02.2021ж

 Тәуелсізбін! Тәуелсізбін мен бүгін! Осы қастерлі сөзді ешбір жаннан қаймықпай, мақтанышпен айтып келе жатқанымызға 30 жыл! Әнұранымыз талай шет елдердің төрінде шырқалып, туымыз желбіреп келе жатқанына 30  жыл! Осы 30 жылда  намысты бәрінен биік қойған қазағым қайта басын көтерді.

 

 Ойын тайсалмай ашық айтатын, ешкімге жалтақтамайтын, өзіне сенімді ұрпақ тәрбиелеп келеміз. 

            Тәуелсіздікке дейінгі халқымыздың көрген қиындығы бір бөлек әңгіме болса, тәуелсіздікті сақтап қалу жолында көтерген жүгі  бір  бөлек. Елдің экономикалық жағдайын жақсарту үшін ерен еңбектер жасалды. Рухани құлдырап кеткен халықтың жүрегіне рухани құндылықтарды сіңіру үшін игі жақсылар бел шеше  кірісті. Тарихымыз қайта жаңғырды. Әдебиетіміз бен мәдениетіміз жанданды. Осының бәрін бүгінде ауызбен айту қалай оңай болса, осы күнге жету соншалық қиын болды.

            Біз – тәуелсіз елдің  тәуелсіз ұрпағын мақтанышпен тәрбиелеп  келе  жатқан  ұстазбыз! Тәуелсіздікті қастерлей білетін, тілін құрметтеп, елін сүйе білетін ұрпақ тәрбиелеу – бізге жүктелген үлкен  жауапкершілік!

         Тәуелсіздік - ешқашан ұмытылмайтын, ешбір жан ұмыта алмайтын қасиетті сөз.

        Тәуелсіздік - өшпеген арман, өлмеген үміт, жығылмаған сенім, жасымаған жігермен келген ұлы күн.  Осыны тәуелсіз елдің ұрпағы ұғынса игі!

Г.Темірбаева,

«Дарбазақұм негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мектепалды даярлық тобының мұғалімі.