Білім мен ізгіліктің бастауы

26.02.2021ж

Білім - адамзаттың сарқылмас қазынасы. Адамзат тарихында  ұлт болсын, ұлыс болсын, жеке  тұлға болсын тек білім арқылы ғана өзінің көздеген мақсатына жетеді. Біліммен ғана басқалардан озады. 

Ұлы суреткер  жазушымыз  М.Әуезов «Ұлт пен ұлтты, адам мен адамды  теңестіретін нәрсе  — білім»  деп тегін айтпаған. Мектеп даналардың  түлеп ұшар тұғыры, талантын шыңдар  білім ордасы. Ұлттың рухани байлығы білімінде, ұстанар бағыты тәрбиесінде, осы білім мен тәрбиенің  сарқылмас  кәусар бұлағының  көзі мектепте. 

                 1931 жылы шәкірттерді білім нәрімен сусындатып бастаған қара шаңырақ, аудан мақтанышына айналған бірегей білім ордасы  Ыбырай Алтынсарин атындағы алтын ұя мектебімізге  биыл 90 жыл толғалы отыр. Қазақтың біртуар перзенті, ағартушы – педагог Ыбырай Алтынсарин атамыздың 180 жылдығымен тұспа-тұс келген аталмыш мерейтойға деген дайындық мектебімізде басталып та кетті. 90 жылдың ішінде 1954-1987 жылдар аралығында 33 жыл мектеп басқарған   «ҚР-ның білім беру ісінің үздігі»,  Жаркент қаласының «Құрметті азаматы», зейнеткер ұстаз Ж.Исаевтың еңбегі ерекше. Ел ағасымен талай жылдар бірге жұмыс жасап, басшылық қызметті жалғастырған  Нұрғайша Шайділдинова, Жұмагүл Оңалбаева, Балқия Раева, Күміс Жақыбаева,        Раушан Тазабекова сынды білікті басшылар салған сара жолды жалғастыру мақсатында мектепті өз биігінен түсірмей, жаңа ғасырдың білімді салауатты ұрпағын бірлесе тәрбиелеуге үлес қосып, гүлдендіру жолында келелі жұмыстар  мен   жоспарларды жүзеге асыруды мақсат етіп қойдым.

                «Алтын ұя мектебіме - 90 жыл» тақырыбында іс-шара   жоспарланып, шығармашылық топ құрылып, бірлестік жетекшілерімен алда атқарылатын шаралар талқыланды. Атап айтсақ, ақпан айына «Жыл мұғалімі-2021», «Үздік сынып жетекші - 2021»          сайыстары жоспарланып, аталған сайыстар мен байқауларға қызу дайындық жүріп жатыр. Ардагер ұстаздармен кездесу ұйымдастырылып, оқушылар мектеп тарихымен танысып, өнеге алды. Мектебіміздің жеке «YouTube» каналы ашылып, мектебімізден түлеген дара тұлғаларымыздың өмірінен сыр шертетін «Дара тұлға» тақырыбында деректі фильм түсіріліп, тұлғалардың қызмет жолына шолу жасалмақ.           Наурыз айына «Жас ақындар» жыр мүшәйрасы мен «Беделі биік білім ордам» тақырыбында жоғары сыныптар арасында эссе  байқауы өткізіледі.

                Сәуір айына спорттық жарыстар мен турнирлер           жоспарланып, «Мектебіммен мақтанамын» тақырыбында 7-11 сыныптар арасында үздік бейнероликтер сайысы  және  Ыбырай Алтынсарин атамыздың 180 жылдық мерейтойына  арналған «Қазақ даласының қоңырауы» атты айлық іс-шара     жоспарын жүзеге асыру міндеті тұр.

                Мамыр айында «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» мектеп мұражайы тарихына саяхат  жасап, мұражайды тың дереккөздермен толықтыру жоспарға қойылып отыр.

                90 жылдық мерейтойға   байланысты «Тарихы терең, тағылымы мол мектебім» тақырыбымен әдістемелік жинақ шығару жоспарланып, әдістемелік жинаққа мектеп шежіресі, мектепті  сан жылдар басқарып гүлденуіне үлес қосқан білікті басшылардың сұхбаттары, тәжірибелі, зейнеткер  ұстаздардың мақалалары, мектебіміздегі оқу-әдістемелік және тәрбие саласы бойынша жүргізілген жұмыстар және мерейтойға арналған ұстаздар мен  жас ақындардың арнау өлеңдері көрініс табады деп ойлаймын. Қыркүйек айында  «Менің мектебіме - 90 жыл» тақырыбында мектебіміздің 1-11 сыныптарына ашық тәрбие сағаттары,  «Кемелденген киелі ордам» тақырыбында сурет көрмесі, «Шежірелі мектеп» тақырыбында кітап көрмесі, мектеп түлектерімен кездесу ұйымдастырылады. Қазан айында жыл бойы атқарылған іс-шараларды қорыта келе,  «Алтын ұя мектебіме - 90 жыл» әдеби  музыкалық кеш өткізу жоспарлануда. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған мектептің мерейтойын жоғары деңгейде атап өту, ұлы тұлғаны ұлықтау -  шәкірт алдындағы парызымыз.

                 Бүгінгі таңда алдымызда жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде көптеген міндеттер тұр. Ғасыр талабы ақпараттандыру болғандықтан, шәкірттерімізді озық тұрған елдермен тереземізді тең ететін білімді, ойшыл, талапты  тұлға ретінде  тәрбиелеу – біздің     басты мақсатымыз.

               Раушан  Баякеева,

           «Ы.Алтынсарин атындағы  орта мектеп»

КММ-нің  директоры.   

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4129822