ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

15.10.2021ж

7-9 қазан аралығында Талғар қаласында грек-рим күресінен жастар арасында республикалық турнир өтті.

                Турнирге  ауданымыздағы «Дәулет Тұрлыханов атындағы қоғамдық қордағы «Дәулет-Жаркент» кәсіпқой спорт клубынан 5 спортшымыз барған болатын. Спортшыларымыздың бағы жанып, осы жарыста 55 кгсалмақта күрескен Мадияр Арыстан күміс жүлдені иеленсе,82 кгсалмақта күрескен Есмұрат Әлібаев  және77 кгсалмақта күрескен Диас Қалтай қола жүлдегер атанды. Айта кету керек, спортшылардың республикалық  деңгейдегі жарысқа қатысып, бақтарын сынауға демеушілік көрсеткен өңіріміздің кәсіпкер азаматтары Закиржан Кузиев пен Серік Ақсубаев. Олар 5 спортшы мен 1 жаттықтырушыға көмек көрсетті.

                1997 жылы 22 қазанда ашылған клуб грек-рим күресіне машықтанған және қосымша дене күштерін дамыту бағытында жұмыс жасайды. Спорт клубының Басқұнша, Алмалы, Лесновка, Нағарашы ауылдарында филиалдары бар. Клуб директоры әрі бас бапкер, грек-рим күресінен ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі, ауданымыздың «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі»  медалінің иегері – Құдайберген Ағымов. Осы клубта олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, студенттер арасындағы дүниежүзілік жарыстың күміс жүлдегері әрі Америка, Иранда өткен халықаралық жарыстардың күміс жүлдегері – Ернар Рамазанов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасындағы Азия чемпионы - Ғалым Қабдінасаров және т.б. спортшыларымыз шығып, өңіріміздің, мемлекетіміздің атын әлемге әйгілеп, көк туымызды биіктерде желбіретіп жүр.

                Жазиралы Жаркент жерінің атын әйгілеп, көк байрағымызды көкке желбіретер спортшыларымыз бен жеңісті күндеріміз көп болсын.

А.ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.